Шекарадағы атысқа Ауғанстанда шоғырланған содырлардың қатысы болуы мүмкін

Қырғыз-тәжік шекарасындағы атысқа Ауғанстан провинцияларында шоғырланған содырлардың қатысы болуы мүмкін. Қырғыз ақпарат көздерінің хабарлауынша, 27 қаңтарда Тәжікстан азаматтары, содан кейін әскери күштер Ош-Баткен-Исфан жолын жауып тастаған. Бастапқы кездегі келіссөздер нәтиже бермеген. Содан кейін қақтығыс орын алып, екі республиканың әскери күштері арасында атыс болды. Тәжікстан шекарашылары атысты бастаған қырғыздар деп отыр. Қақтығыс кезінде тәжік тарапынан 2 адам қаза болды. Жалпы осы оқиғадан екі тараптан да 20-дан астам адам зардап шеккен.

27 қаңтар күні 18 сағат 15 минутта Қырғызстанның Баткен облысындағы Президенттің өкілдігіне тәжік тарапынан ешқандай ескертусіз Торт-Кочо учаскесінде Ош-Баткен-Исфан жолын жауып тастағаны туралы ақпарат келіп түсті. Автомобиль жолын таспенен жапқандар – осы маңдағы жергілікті тұрғындар. Сосын қырғыз шекарашылары мен жергілікті билік органдары келіссөздер жүргізгеннен кейін жол ашылды. Алайда 15-20 шақты көлік жүріп өткен соң, тәжік ауылының халқы мен шекарашылар жолды қайта жапқан. Себебі кейінгі тараптар арасындағы келіссөздер нәтижесін бермеді. Ал түнге қарай жағдай тіпті шиеленісе түскен.

Маруфхон Тулаев, Қырғызстан президентінің Баткен облысындағы өкілетті өкілдігінің бірінші орынбасары:

– Жергілікті ауыл басшысы, сондай-ақ аудан әкімі халыққа жағдайдың ушықпайтындығын айтып барлығын сендіре алды. Болған жайт қазірдің өзінде шешіліп, жол қозғалыс үшін ашылды. Бірақ тәжік тарапынан оқ атылды және ол ескертусіз болды. Менің ойымша, бұл арандатушылық. Қазір барлық билік тарапы, соның ішінде әскери органдар жағдайды реттеу үшін тәжік әріптестерімен келіссөздер жүргізуде.  

Қырғызстан мен Тәжікстан шекарашылары арасындағы атыс алдымен автоматтардан оқ атумен басталды. Қарулы қақтығыс кезінде тәжік әскери күштері минометтерді қолданды. Қырғызстан шекара әскерлерінің төрт әскери қызметшісі жарақат алып, жергілікті ауруханаға жеткізілді. Ал шекара маңындағы ауылдардың тұрғындары бас сауғалап, өз үйлерін тастап кетіп жатты. Біраз уақыттан кейін Баткен облысының билігі ТЖМ-мен бірге жергілікті тұрғындарды қақтығыс аймағынан жаппай эвакуациялауға кірісті. 27 қаңтардың кешінен бастап түн ортасына дейін барлығы 11 мың Қырғызстан азаматы шекара маңындағы елді-мекендерден шығарылды. 28 қаңтар күні таңертең Баткен облысына Қырғызстанның Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің төрағасы Қамшыбек Ташиев келді.

Камчыбек Ташиев Қырғызстан республикасы ҰҚМК төрағасы:

– Қазір жағдай салыстырмалы түрде тұрақты деп айтуға болады. Торт-Кочо ауылы мен Ішкі істер органдарының қызметкерлері бірлесіп патрульдік шараларды атқаруда. Сондай-ақ барлық күш құрылымдарының өкілдері, жеке құрам мен әскери техника жауынгерлік әзірлікке келтірілді. Таңертең біз кімнің қайда жіберілетіні және елді тұрақтандыру үшін қандай шаралар қабылдау керектігі туралы шешім қабылдадық. Қазір жағдай толығымен біздің бақылауымызда.

Ал қырғыз-тәжік шекарасындағы қақтығысқа баға берудегі қиындық сол жерде болып жатқан жағдайды дәл белгілеп отыратын сыртқы бақылаушылардың жоқтығымен байланысты, дейді сарапшылар. Бұл туралы Орталық Азия бойынша сарапшы Аркадий Дубнов мәлімдеді. Оның айтуынша, екі ел шекарасында болған кешегі қақтығыс жағдайды одан сайын қиындата түсуі мүмкін.

Аркадий Дубнов, саясаттанушы, Орталық Азия бойынша сарапшы:

– Кешегі жайттар болашақта шекарадағы шиеленіске әкелуі мүмкін екенін бізге ұқтырды. Атап айтқанда, Орталық Азиядағы ахуалды тұрақсыздандыру үшін содырлар Ауғанстан арқылы алдымен тәжік жеріне, кейіннен қырғыз шекарасына өтуі мүмкін екенін аңғартты. Жалпылай алғанда бұл оқиға осы елде жасырынып жүрген содырларды өз бақылауында ұстап жүрген тәжікстандық ықпал етуші топтар мен күштік құрылымдардың өз күшін көрсеткісі келгенін байқатты. Мұндай шиеленістер қайта өршуі де ықтимал. Өкінішке қарай, ол кезде жағдай тіпті мүшкіл болуы мүмкін. Бұл іске қалай болғанда да Ауғанстанның солтүстік провинцияларында шоғырланған Орталық Азия аймағынан шыққан содырларының қатысы болуы мүмкін.

Екі ел арасында атыс басталған сәттен бастап қақтығыс толық шешілгенге дейін тараптар жергілікті билік органдары мен шекаралас облыстардың әкімдері, сондай-ақ  Ұлттық қауіпсіздікке жауапты органдардың басшыларына дейін ортақ келіссөздер жүргізді. 28 қаңтардағы келіссөздердің алғашқы нәтижелері белгілі болды. Олар осы болған оқиғаны тергеу жөніндегі бірлескен комиссия құрылады деп келісті. Біраз уақыттан кейін Қырғызстанның шекара қызметі жанжалды толық реттеу үшін жақын арада келіссөздердің екінші раунды өтетінін хабарлады.

Нұрбек Байбосын, Бахыт Чермашов