Әлемнің бірқатар елінде мигранттар мәселесі қайта ушықты  

Чили полицейлері заңсыз босқындарды жаппай елден шығарады. Ал Ливандағы келімсектер қақаған аязда қайда барарын білмейді. 

Чилидің Икике қаласында мигранттар мәселесі ушықты. Аймақтағы қауіпсіздікті реттеу үшін билік өкілдері өңірге қосымша полиция аттандырды. Алдағы уақытта ел аумағында тұруға ықтиярхаты жоқ азаматтардың бәрі шекарадан шығарылады. Бұл шара наурыздың ортасына дейін аяқталуы тиіс.

Родриго Дельгадо, Чили ішкі істер министрі:

– Бүгін полиция қызметкерлерінің алғашқы легі келеді. Олар қаладағы қауіпсіздікті сақтауға жұмылдырылады. Чилиде заңсыз жүрген шетелдіктер елден шығарылады. Оларға тиісті хабарлама жіберіледі.

Мигранттардың жаппай ағылуынан Чилиде қылмыс саны күрт артып кетті. Ұрлық пен тонау дерегінің көптігі сонша жергілікті бизнес айтарлықтай зардап шеккен. Осыған байланысты жуырда Икикедегі кәсіпкерлер көшеге шығып, мигранттардың қоныстануына наразылық білдірді. Шеруге шыққан 4 мыңдай адам биліктен келімсектердің ағылуын тоқтату үшін тиісті шара қабылдауды талап етті.

ҚАҚАҒАН АЯЗДА ЛИВИЯДАҒЫ БОСҚЫНДАР ҚИЫН ЖАҒДАЙДА ҚАЛДЫ   

Ливиядағы босқындардың да жағдайы қиын. Елде күн суық, мигранттар қытымыр қыстың тосын мінезіне төзе алмай жатыр. Жылу жоқ. Аяздан су құбырлары қатып қалған. БҰҰ-ның босқындар ісі жөніндегі агенттігі келтірген дерекке сәйкес, қазіргі уақытта 4 мыңдай отбасы көмекке мұқтаж екен.

ИСПАНИЯДА 37 МИГРАНТ ҚҰТҚАРЫЛДЫ   

Ал Испания жағалауында Солтүстік Африкадан шыққан 37 мигрант өлім аузынан құтқарылды. Босқындар отырған кеме Атлант мұхитындағы Гран-Канария аралынан 24 шақырым жерде апатқа ұшыраған. Қазір олар Аргинегин портында. Барлығы дәрігерлердің тексеруінен өткен. Канар аралдарына өткен жылы 22 мыңнан астам мигрант келген. Дені африкалықтар. Ішкі істер министрлігінің мәліметіне сәйкес, бұл кейінгі он жылдағы ең жоғары көрсеткіш.

МЕКСИКАДА ҰСТАЛҒАН МИГРАНТТАР САНЫ 78% АРТТЫ

Мексикаға қайтадан мигранттар жаппай ағыла бастады. Оған коронавирустық шектеу шараларының біртіндеп жеңілдей бастауы түрткі болды. Тек қаңтарда елде 17 мыңдай заңсыз босқын ұсталған. Бұл былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда 78 процентке көп, дейді Көші-қон жөнідегі ұлттық институт. Келімсектердің көбі Оңтүстік және Орталық Америка елдерінен келген. Оларға шекарада қылмыстық топ көмектесіп жатқан көрінеді. Полицияның көзіне түсіп қалмас үшін босқындар отырған автобустарға танымал компаниялардың логотиптері жабыстырылады екен.