АҚШ Еуропаға екі мың әскериді жібереді

АҚШ Еуропаға екі мың әскериді жібереді

АҚШ, Украина шиеленісіне байланысты 2 мың сарбазын Польша мен Германияға ақыры аттандыратын болды. Ал Германиядан 1 мың әскери Румынияға жіберілмек.

Бұл туралы осы елдің Қорғаныс министрлігінің ресми өкілі Джон Кирби мәлім етті.

Айтуынша, американдық әскер Украинаға кіргізілмейді. Тек НАТО-ның шығыстағы қорғанысын күшейтеді. Бұған дейін Пентагон 8 мыңнан аса сарбазын жіберуге дайындалып жатқанын мәлімдеген болатын. 

Джон Кирби, АҚШ Қорғаныс министрлігінің ресми өкілі:

- Қазіргі жағдай НАТО-ның шығыс қапталындағы қорғанысты күшейтуді талап етеді. Президент Байден АҚШ Еуропаның қауіпсіздігі мен тұрақтылығына төнген қатерге бірден жауап беретінін бұған дейін ескерткен. Сондықтан АҚШ НАТО шеңберіндегі ұжымдық қорғаныс жөніндегі міндеттемелеріне сәйкес Румыния, Польша және Германияға әскер шоғырландырады. Бірақ бұл тек уақытша жағдай. Украина мәселелеріне арласпайды.   

Ал Вашингтон Мәскеу Украина шекарасының маңында және Беларусьте әскерін күшейтіп жатыр дейді. Американдық жерсеріктің түсірген суреттері осыны көрсеткен. Мәліметке қарағанда Ресей соңғы 1 жарым айда шекара маңындағы әскер қатарын ұлғайта түскен. Әсіресе Беларусь пен Қырымдағы күш құрылымдарын арттырған.