Болашақта қысқы Олимпиада ойындарын өткізу екінің біріне бұйыра бермейді

21-ғасырдың ортасына қарай дүбірлі дода тек санаулы елдермен ғана шектелуі мүмкін. Себеп ғаламдық жылыну салдары. Өйткені соңғы жылдары қысқы Олимпиада ойындары өткен қалалардың өзінде ауа температурасының айтарлықтай жоғарылап жатқаны байқалады. АҚШ-тағы Мұхит және атмосфера мәселелері жөніндегі ұлттық басқарма мамандары жүргізген зерттеу нәтижесіне сүйенер болсақ, кейінгі сегіз жыл адамзат тарихында ең ыстық болған. Ғалымдардың болжауынша, 2050 жылға қарай 19 олимпиадалық қаланың 10-ы ғана жарамды болады. Дегенмен, үміт жоқ емес. Бұл үшін әлем елдері көмірқышқыл газының ауаға бөлінуін азайтуы керек.

Тесса Горте, Колорадо Университетінің ғылым докторы:

- Картада қара нүктемен қысқы олимпиада ойындарын ұйымдастырған қалалар белгіленген. Көбінде ауа температурасының айтарлықтай жоғарылап кеткені байқалады. Мұның салдары өте үлкен. 

Ғалымдар: өсімдіктердің ерте гүлдеуі экожүйеге зиян 

Жаһандық жылыну салдары Ұлыбритания жерінде өсетін гүлдерге кері әсерін тигізді. Өсімдіктер тым ерте гүлдей бастаған. Мұндай аномалия жергілікті экожүйеге айтарлықтай зиян келтіреді, дейді Кембридж университетінің мамандары. Өйткені ерте гүлдеуден тек өсімдіктер ғана емес, жәндіктер, құстар мен жабайы аңдар да зардап шегеді екен.

Ульф Бентген, зерттеу жұмысының авторы:

- Өсімдіктер бір ай ерте гүлдей бастаған. Бұл таңқаларлық жәйт. 1-2 күн болса мейлі ғой. Бұл қаңтар-сәуір аралығындағы ауа температурасының жоғарылап кеткенінің айқын белгісі. 

Перудегі мұнай төгілген жағажайлар наурыз соңына дейін тазартылады  

Перуде мұнай төгілген жағажайлар наурыздың соңына дейін толығымен тазартылып бітеді. Испанияның Repsol мұнай-газ компаниясы жуырда осындай мәлімдеме жасады. Бұл жоспарланған мерзімнен бір айға кеш. Кестенің осылай өзгеруі кейбір аймақтағы жұмыстың тым күрделі болуымен байланысты. Бүгінге дейін апат салдарының тек үштен бірі жойылған. Перу басшылығы қаңтар айының ортасында мұхитқа мұнай төгілу оқиғасын экологиялық апат деп атаған.

- Бір ай өтті. Бірақ ешқандай жаңалық жоқ. Шығын көлемі мен компания тарапынан берілуі керек өтемақы жайлы ештеңе айтылмайды. Ал одан балық аулау саласы мен туризм орасан зардап шекті емес пе? Экожүйе болса атымен жоқ болды.  

Көл мұздықтары жылдам еріп жатыр

Егер ауаға кететін парник газдар мөлшерін тез арада азайтпаса, Солтүстік жарты шарда орналасқан 6 мыңдай көлдегі мұздықтар жойылып кетеді. Және бұл осы жүзжылдықта жүзеге асуы мүмкін екен. Йорк университетінің ғалымдары осындай қорытындыға келді. Олардың айтуынша, мұздықтардан айырылу ауыз су сапасы мен көлеміне тікелей әсер етеді. Ал аталған су айдындарының көбі елді мекендер маңында орналасқан.