Санкциялар мен шектеулер Ресей экономикасына қаншалықты әсер етеді?

Оңтүстік Корея билігі де Ресейге санкция салу мүмкіндігін қарастырып жатыр. Ал Қытай, керісінше, біржақты шектеулерге қарсылық білдірді. Ел билігі бұл дағдарыстан шығудың тиімді жолына жатпайды деп есептейді.

Қазір көбінің көкейінде тұрған сұрақ – жазалау шараларының барлығы Ресей экономикасына қаншалықты әсер етеді? Сарапшылар «шектеулер көрші ел экономикасының маңызды секторларына айтарлықтай өзгеріс әкелмейді» деп топшылап отыр. Өйткені Ресей 2014 жылдан бері санкция мен шектеуден көз ашпай келеді. Алайда соған қарамастан экономикасы жақсы деңгейде, дейді мамандар.

Қазір Ресей халықаралық қорының көлемі – 640 миллиард доллар шамасында. Мемлекеттік борыш – жалпы ішкі өнімнің 18 проценті. Егер мұнай бағасы қазіргі деңгейден төмендемесе, биылғы бюджет кірісі 50 миллиард долларға дейін жетуі мүмкін деген болжам бар.

Жалпы экономистер Ресейге бұдан да ауқымды санкциялардың салыну мүмкіндігін жоққа шығармайды. Бірақ бұл ешкімге да пайда әкелмейді, дейді мамандар.