РФ Қорғаныс министрлігі: қарулы күштер тек әскери нысандарға соққы беріп жатыр

РФ Қорғаныс министрлігі: қарулы күштер тек әскери нысандарға соққы беріп жатыр

Өз кезегінде Ресей қарулы күштері Украина халқына емес, тек әскери нысандарға соққы беріп жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қорғаныс министрлігінің өкілі Игорь Конашенковтың айтуынша, жоғары дәлдікті қарумен әскери инфрақұрылым әуе шабуылына қарсы қорғаныс нысандары, әскери әуежайлар және Украинаның қарулы күштерінің авиациясы істен шығарылып жатыр. Қалаларға ешқандай соққы жасалып жатқан жоқ. Сәйкесінше, тұрғындарға келер қауіп жоқ, деді ол.

Игорь Конашенков, РФ Қорғаныс министрлігінің ресми өкілі:

– Донецк халық республикасы әскері Волновахаға бағытында ұрыс жүргізе отырып, 3 шақырымға жылжыды. Ал Луганск күштері Счастье мекеніне қарай бет алып, Северский Донецті бақылауына алып 1,5 шақырымға енді. Қазір қос республика күштері ұрыс жүргізіп, қарсылас жақ  шығынға ұшырап жатыр.

А.АРЕСТОВИЧ: ОНДАҒАН САРБАЗ ҚАЗА ТАПТЫ

Украина президенті Кеңсесі басшысының кеңесшісі Алексей Арестовичтің мәлімдемесіне сәйкес, Ресей күштері әскери инфрақұрылым, әуежай және әскери басқару орталықтарын атқылаған. Соның салдарынан ондаған сарбаз қаза тапты. Қазіргі уақытта ұрыс Харьков маңында жүріп жатыр. Украина күштері Ресей әскерінің шабуылдарына тойтарыс беріп жатыр, – деді Арестович.

Алексей Арестович, Украина президенті Кеңсесі басшысының кеңесшісі:

– Алдын ала мәліметке қарағанда қарсылас жақ күштерінің Харьков облысының солтүстігі мен Черниговке қарай 5 шақырымға дейін енуі байқалады. Волынск бағытында да жылжу болуы мүмкін. Бірақ қазір ғана түскен мәліметке қарағанда соңғы мекенде жау күшіне тойтарыс берілген.

УКРАИНА ҚАРУЛЫ КҮШТЕРІ: РЕСЕЙ ӘСКЕРІ ШЫҒЫНҒА ҰШЫРАП ЖАТЫР

Ал Украина жаяу әскерінің хабарлауынша, Ресей күштері шығынға ұшырап жатыр. Дәлірек айтқанда, Украина әскері 7 ұшақты атып түсіріп, 4 танкіні талқандап, 50-ге жуық сарбаздың көзін жойған. Талқандалған техникалар бейнеленген суреттерді Украина Ішкі істер министрлігіне сілтеме жасап, «Украина 24» телеарнасы көрсетті. Бірақ Ресей Қорғаныс министрлігі бұл ақпарды жоққа шығарып отыр.

Айта кетейік, қазір Украинаның бірнеше қаласындағы жанармай бекеттерінде ұзын-сонар кезек пайда болды. Дүкендерде де дәл солай. Халық жаппай азық-түлік сатып алып жатыр.