Канада Ресейге қарсы жаңа санкциялар салады

Канада да Ресейге қарсы жаңа санкциялар енгізеді. Бұл туралы премьер-министр Джастин Трюдо мәлімдеді. Жазалау шаралары Ресейдің 62 компаниясы мен ірі банктеріне және жеке азаматттар мен олардың отбасына қарсы бағытталмақ.

Шенділер арасында Ресей Қауіпсіздік кеңесінің мүшелері, Қорғаныс министрі Сергей Шойгу мен қаржы министрі Антон Силуанов бар. Сондай-ақ ресми Оттава Ресейге тауар тасымалдайтын барлық канадалық компаниялардың лицензияларының күшін жояды. Олардың жалпы құны 700 миллион доллардан асады. Бұл тізімде аэроғарыш, IT технологиялар және пайдалы қазбалар салаларының компаниялары бар.

Джастин Трюдо, Канаданың премьер-министрі:

– Менің ойымша, Владимир Путин жалған сөйлеп, жазасыз қаламын, халықаралық құқықты бұза беремін деген ойға біржола бекінген сияқты. Қазір жазықсыз адамдар, оның ішінде бейкүнә балалар зорлық-зомбылық көріп жатыр. Осындай қасіретке толы сағаттарда Канада Украина халқына «Сіздер жалғыз емессіздер, біз сіздерді қолдаймыз» деп сәлем жолдайды.

ЖАПОНИЯ РЕСЕЙГЕ ҚАРСЫ САНКЦИЯЛАР ЕНГІЗЕДІ

Жапония да Ресейге қарсы санкциялар қабылдайды. Премьер-министр Фумио Кисиданың мәлімдеуінше, ресейлік банктердің капиталы бұғатталып, виза беру тоқтатылмақ. Сондай-ақ ресми Токио әскери салаға қатысы бар ресейлік компанияларға жартылай өткізгіштер сатуды доғарады.

Фумио Кисида, Жапонияның премьер-министрі:

– Ресейге қарсы санкциялар легін күшейту мақсатында біз бірінші кезекте Үлкен жетілік елдерімен және халықаралық қауымдастықпен тығыз жұмыс істеп жатырмыз. Өз тарапымыздан Ресейдің қаржы ұйымдарының активтері бұғатталады. Әскери мақсатта қолданылатын тауарлар экспортына тыйым салынады.