Украина төңірегіндегі тараптар текетіресі үдеп барады

Ресейдің Украинадағы әскери операциясы қазір бүкіл әлем бойынша түрлі саяси мәлімдемелерге өзек болып отыр.

Әрі тараптардың бір-біріне деген өшпенділігін одан сайын өршіте түсті. Америка Құрама Штаттары мен кәрі құрлық елдері Украин жеріне әскер жібермесе де Ресейді бұрынғыша санкциялар мен шектеулердің көмегімен қыспаққа алуға кірісті. Бір сөзбен айтқанда, Кремльдің әскери операциясына қарсы мылтықсыз майдан ашты.

Алдымен қаржы жағын қарастырайық. Бүгін Ақ үй басшысы Ресейдің жалпы активтерінің құны 1 триллион доллар болатын 4 ірі банкіне санкция жариялап, олардың Америкадағы активтері бұғатталатынын мәлімдеді. Сонымен қатар Ресейдің доллар, еуро, фунт стерлинг пен иен валюталарымен сауда-саттық жүргізуіне тосқауыл қойылды. Технологиялық тұрғыдан да шектеулер жоқ емес. Енді Ресейге сатылатын жоғары технологиялық өнімдердің жартысына жуығы қысқарады. Бұдан қандай ой түйеміз?

Байденнің айтуынша, аталған шаралар, біріншіден, Ресейдің жаһандық экономикадағы ролі мен халықаралық аренадағы үлесін азайтуға бағытталған. Және Ресей әскерінің заманауи техникамен жабдықталуына, жаңаруына жол бермеу көзделеді.

Джо Байден, АҚШ Президенті:

- Санкциялардың толықтай әсер етуі үшін уақыт қажет және Владимир Путин мұның арты не болатынын өте жақсы біледі. Ресей президенті батыс елдерінің бірге екенін көргісі келіп еді, ал біз, НАТО елдері жұдырықтай жұмылып, бұрын-соңды болмаған ауызбіршілік қалыптастырдық. Сонымен қатар біз одақтас елдерге тиесілі жердің әр бұрышын қорғаймыз.

Ресейдің Украинадағы әскери операциясына қарсылық ретінде Ұлыбритания да қатаң шаралар қабылдап жатыр. Мәселен, ВТБ банкінің активтері толығымен бұғатталды. Банк Ұлыбританияның қаржы жүйесінен ажыратылып, бұдан былай фунт стерлингпен есеп айырыса алмайды. Сонымен қатар үкімет басшысы Борис Джонсон Ресей мен ресейлік компаниялардың Ұлыбританияда қаржыландырылуына тыйым салынады деп мәлімдеді. Нәтижесінде олар өз құнды қағаздарын Лондон қор биржасында орналастыра алмауы мүмкін. Ал Ресей азаматтары Ұлыбританиядағы банк шоттарына 50 мың фунттан артық қаржы сала алмайды. Бұдан бөлек британдық Аэрофлот компаниясының қызметіне де шектеу қойды. Яғни Аэрофлот ұшақтары енді Мәскеу-Лондон бағытында ұша алмайды. Алдағы уақытта оған тіпті Ұлыбритания аумағының үстімен ұшуға да тыйым салынуы мүмкін. 

Борис Джонсон, Ұлыбритания премьер-министрі:

- Ұлыбритания Ресейге қарсы бұрын-соңды болмаған өте көлемді және ең қатаң экономикалық санкциялар пакетін жариялайды. Осылайша біз ресейлік қаржымен күрес жолында жаңа өкілеттіктерге ие боламыз.  Бұл өкілеттіктер бізге ресейлік банктерді Ұлыбританияның қаржы жүйесінен толығымен ажыратуға мүмкіндік береді. 

Айта кетейін, санкция салдарынан ВТБ акциялары шамамен 40 процентке, “Аэрофлот” акциялары 30 процентке әлсіреді. Бірақ Ресей мұндай санкциялардан сескеніп отырған жоқ секілді. Керісінше, өз бағытынан ауытқымайтынын білдіргісі келген сыңайлы. Себебі қарсы жауап ретінде Федералды әуе көлігі агенттігі Ұлыбританияда тіркелген және онымен байланысты азаматтық ұшақтарға, соның ішінде транзиттік рейстерге Ресейдің үстімен ұшуға тыйым салды.

Еуроодақ санкциялардың екінші легін қабылдады 

Еуроодаққа ойыссақ. Ұйымға мүше мемлекеттер Украина бойынша кезектен тыс саммит өткізіп, Ресейге қарсы санкциялардың екінші легін қабылдады. Ол ресейлік банк нарығы мен мемлекеттік компаниялардың 70 процентін қамтыды. Бұдан бөлек санкция бойынша Ресейге ұшақ пен әуе жабдықтарын сатуға тыйым салынды. Еуроодақ өкілдерінің айтуынша, Ресейге жасалатын экспортты шектеу осы елдің мұнай секторына зиян тигізеді. Өйткені Еуропалық одақтан жеткізілетін мұнай өңдеу зауыттарына қажетті материалдар тасымалы тоқтатылады.

Урсула Фон Дер Ляйен, Еурокомиссия президенті:

- Біріншіден, маңызды капитал нарықтарына қатысуға тыйым салынды. Бұл Ресейдің банк саласының 70 процентін шектеуге бағытталады. Біздің тыйым мұнай экспортына соққы береді. Осылайша Ресей мұнай өңдеу зауыттарын жаңарта алмай қалады. 2019 жылы мұнай өңдеу саласы Ресейге 24 миллиард еуро кіріс әкелген болатын. Бұл елдің дипломаттары мен бизнесмендері үшін Еуроодаққа жол жабылады.

Жапония елшісі Ресейді әлем экономикасынан ығыстыру мүмкін емес екенін айтады

Жапония да Ресейге қарсы санкциялар қабылдады. Премьер-министр Фумио Кисиданың мәлімдеуінше, ресейлік банктердің капиталы бұғатталып, виза беру тоқтатылмақ. Сондай-ақ ресми Токио әскери салаға қатысы бар ресейлік компанияларға жартылай өткізгіштер сатуды доғарады. Осыдан кейін Ресейдің Жапониядағы елшісі санкцияларға қатысты мәлімдеме жасап, Ресейді әлем экономикасынан алып тастау мүмкін емес екенін айтты.

Михаил Галузин, Ресейдің Жапониядағы Төтенше және өкілетті елшісі:

- Бұл орындалмас мақсат. Өйткені Ресейді әлемдік экономикадан ығыстырып, шығарып тастау мүмкін емес. Байден мырза мен оның әкімшілігінің ұмтылатыны да осы.

Өз кезегінде Украина президенті Ресейге қарсы қабылданып жатқан шаралардың бәрі әлі де жеткіліксіз деген пікірде. Себебі түрлі санкцияларға қарамастан Ресей өз агрессиясын тоқтатар емес, дейді.

В. Зеленский: Қабылданған санкциялар жеткіліксіз

Владимир Зеленский Украина президенті:

- Бүгін таңертең де біз өз елімізді тура кешегідей жалғыз қорғап жатырмыз. Әлемнің мықты елдері тек алыстан бақылап қана отыр. Кешегі санкциялар Ресейді ойландырды ма? Біз олардың жеткіліксіз екенін көріп отырмыз. 

Қорыта айтқанда, Украина төңірегіндегі тараптар текетіресі үдеп барады. Арадағы мәселелер дипломатиялық жолмен жақын уақытта шешімін таппаса, кикілжіңнің екі жаққа да экономикалық тұрғыда ауыр зардап тигізуі әбден мүмкін. Ал әзірге тараптар өз көзқарастары мен бағыттарының дұрыстығын дәлелдеп бағуда.