Украинада жанармай арзандайды

Украинада жанармай арзандайды

Украинада жанармай бағасы арзандайды. Жоғарғы Рада жанармайға қатысты қосылған құн салығы мен акцизді алып тастауды мақұлдаған.

Бұл туралы Президент Владимир Зеленский мәлімдеді. Атыс жүріп жатқан аудандардан қоныс аударған азаматтарды қабылдап жатқан өңірлердің коммуналдық қызмет төлемдеріне өтемақы жасалатынын жеткізді.

Зеленскийдің айтуынша, қазір халықаралық қоғамдастықпен бірнеше бағыт бойынша ауқымды жұмыс жүріп жатыр. Украинаның Еуроодаққа мүшелігі мен Ресейге жаңа санкциялар салу жағы келісіліп жатқан көрінеді.

Владимир Зеленский, Украина президенті:

- Қосылған құн салығы мен жанармайға қатысты акциздің күші жойылады. Мұндай шара тек егін егу ісі үшін ғана емес, барлық азаматтың қажеттілігі ескеріле отырып қабылданды. Елде жанармай тапшылығы болмауы үшін, баға тұрақты болуы үшін жасалды. Үкімет өз жұмысын атқарды. Ендігі іс депутаттарда. Олар өз дауыстары арқылы бұл шешімді қолдауы керек.