Үш жастағы бала анасын абайсызда атып өлтірді

АҚШ-та Чикаго қаласының маңында бала оқ атып, анасын абайсызда желкесінен атып өлтірді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Көліктің арт жағында автоорындықта отырған 3 жастағы ұл тапанша тауып алып, ойнай бастаған. Полиция ұлының әрекеті үшін енді әкесі сот алдында жауап береді дейді. Тергеушілердің айтуынша, ол қаруды заңдық негізде иеленген, бірақ ашық ұстауға рұқсаты болмаған.

Эндрю Холмс, дағдарыс маманы:

- Мұның алдын алуға болар еді. Тапаншаны көлікте қалдырсаңыз, оны алынбайтындай етіп, бекітіп тастау керек қой. Бұған бар болғаны бір-ақ секунд кетеді.

Кристал Лионс, жергілікті тұрғын:

- Ақыры қару ұстайсың ба, онда оны бекітіп қойсаңшы. Балаларға бәрібір. Олар бәрін ұстап көргісі келіп тұрады.

Бес адамды атқан қаскөй іздестіріліп жатыр

Нью-Йорк және Вашингтон қалаларының полициясы үйсіз жүрген 5 адамды атып өлтірген күдіктіні іздестіріп жатыр. Қайғылы оқиғалар 2 шаһарда бірінен соң бірі болған. Сот-медицина сараптамасы 5 жағдайдың бір-бірімен байланысты екенін анықтап берген. Қала мэрлері тұрғындардан күдіктіні ұстауға көмектесуді сұрады.

Роберт Конти, Вашингтон полициясының басшысы:

- Барлық құрбан бір қарумен өлтірілген. Күдіктіге айтарымыз: өз еркіңмен беріл. Ерте ме, кеш пе қолға түсесің. Біздің қолымыз ұзын. Бұл адам жазықсыз жандардың өмірін қиды. Бұлай болмауы керек еді.