Украинадан Қазақстанға бесінші репатриация рейсі ұшып келді

Алматы халықаралық әуежайына Польшаның Катовице қаласынан бесінші репатриациялық рейс ұшып келді.

Әуе бортында Украинадан эвакуацияланған 89 адам бар. Олардың 56-сы Қазақстан азаматы. Араларында балалар да бар. Келушілерді әуежайда туыстары, достары күтіп алды.

«Тыныштық пен бейбітшілікке ештеңе жетпейді», - дейді олар.

Бір күн бұрын бұл ұшақ Қазақстан Үкіметінің атынан Украинаға гуманитарлық көмекті Катовице қаласына жеткізген болатын.

Николай Акижанов, жолаушы:

- Мені және жұбайымды қонақүйге орналастырып, тамақтандырды. Келесі күні Польшаға келіп, онда үш күн тұрақтадық. Елшіліктегі қазақ бауырларға алғысым шексіз. Мен өзім қазақпын, осы жерде өмірге келдім.

Татьяна Митус, жолаушы:

- Украина жерінде айналма жолдармен жүріп, әрең шекараға жеттік. Зымырандар жарылғаны өте қорқынышты. Бүгін қызымнан хабарлама келді, біз шыққан ауданды талқандапты. Осы рейске үлгіргеніміз қандай жақсы болған. Қазақстанның Сыртқы істер министрлігіне, елшілікке рақмет.