Украинаның үш облысынан 30 мыңдай адам шұғыл көшірілді

Украинаның шығыс облыстарынан соңғы 1 күнде 30 мыңға жуық адам қауіпсіз аумаққа көшірілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Эвакуация Сумы, Харковь және Донецк аймақтарының тұрғындарын қамтыған. Бұл туралы президент Владимир Зеленскийдің өзі айтты. Сондай-ақ Президент кеңсесі басшысының кеңесшісі Михаил Подоляк Ресеймен арадағы келіссөз бүгін де жалғасатынын жеткізді. Ол «Өте ауыр әңгіме болып жатыр, қарама-қайшылықтар бар, бірақ тіл табысуға үміт жоқ емес» деп мәлімдеген. Бұдан басқа Украинаның Винница қаласына халықаралық «Қызыл крест» ұйымынан 200 тонна гуманитарлық көмек жеткізілді. 11 жүк көлігіне ауыз су, тазалық және медициналық заттар тиелген. Бұл көмек елдің бүкіл аймағына таратылады.

Флориан Сериекс, «Қызыл крест» ұйымының өкілі:

– Біз әкелген заттардың ішінде операция жасауға, дене жарақаттарын емдеуге арналған материалдар және көрпе-жастық бар. Бұл нәрселер, әсіресе, оқ тиіп жараланған немесе үйін тастап, уақытша орталықтарға орналастырылған адамдар үшін ауадай қажет. Әрине бұл көмектің тамшыдай ғана екенін жақсы түсінеміз. Тұрғындарға ең бірінші кезекте азық-түлік, ауыз су керек. Гуманитарлық операция алдағы уақытта да жалғаса бермек.