Британияда күнкөріс қиындай түсті

Британияда күнкөріс қиындай түсті
РИА Новости

Тұманды Альбионның да жағдайы оңып тұрған жоқ. Қымбатшылық бұл жақта да қысып барады. Сол себепті халықтың да мұқтаждығы арта түспек, деп хабарлайды «Хабар 24».

Себеп – Украинадағы жағдай. Бұл туралы Ұлыбритания Қаржы министрінің өзі мәлімдеді. Тығырықтан шығу үшін Риши Сунак бірқатар шараларды қолға алмақ.

Ғалымжан Қараманұлы, тілші:

- Біріккен Корольдікте соңғы жылда жанармайдың, жарықтың және азық-түліктің бағасы 6,2 процентке өскен. Ал жалақы инфляцияға ілесе алмай келеді. Бұл отыз жылда болмаған жағдай дейді мамандар. Ұлттық статистика басқармасының мәліметінше, ақпан айында көгілдір отын өткен жылмен салыстырғанда үш есеге дейін, ал электр энергиясының құны жиырма процентке қымбаттаған. Осыған байланысты биліктегілер бірқатар шара қабылдады.

Риши Сунак, Ұлыбритания қаржы министрі:

- Осы жылдың шілде айынан бастап, күнкөріс деңгейі төмен азаматтар табыс және ұлттық сақтандыру салығынан босатылады. Ал жалақысы жоғарылардың табыс салығының базалық мөлшерлемесі 20 проценттен 19 процентке түсіріледі. Сонымен қатар жанармай баж салығы 5 пенске төмендетіледі.

Тәуелсіз экономикалық болжамдар жасаумен айналысатын Бюджеттік жауапкершілік басқармасы мәлімдемесіне сәйкес, бұл шаралардың игілігін халықтың аз бөлігі ғана көретінге ұқсайды. Сауалнамаға жауап берушілердің басым көпшілігі де бұл пікірге қосылатындықтарын айтты. Сарапшылар болса, ең дұрысы жәрдемақы көлемін арттыру керек еді дейді.

Миатта Фанбулле, «Жаңа экономика» қорының атқарушы директоры:

- Қаржы министрі бірінші қажеттіліктегі тауарларға зәру халықты демеудің орнына, қалтасы қалың адамдарға көбірек қолдау білдірген сияқты. Жанармай баж салығының төмендеуінің пайдасын қарапайым халықтың 7 проценті ғана, ал қалталылардың 33 проценті көреді. Риши Сунак жәрдемақы көлемін көбейтуі керек еді. 

Бұған дейінгі қымбатшылыққа басты себеп пандемия болғаны белгілі. Бірақ мемлекет одан кейін есін жия алды. Ал Ресейге қарсы экономикалық санкциялар Ұлыбритания үшін одан да қатты соққы болмақ. Бюджеттік жауапкершілік басқармасының пайымдауынша, алдағы уақытта инфляция деңгейі 9 процентке, яғни 40 жылдық максимумға жетуі мүмкін. Халық ковидке дейінгідей жақсы өмір сүруі үшін кемінде екі жыл керек дейді сарапшылар.

Ғалымжан Қараманұлы