Зеленский НАТО мен Еуропалық одақтан көмек сұрады

Президент Владимир Зеленский НАТО мен Еуропалық одақты Ресеймен күресте ауызбіршілік танытуға шақырды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл туралы Зеленский Украинадағы соғыстың басталғанына 1 айдай болғанына орай халыққа жолдаған кезекті үндеуінде мәлімдеді. Украина басшысы Батыс елдерін Ресей шапқыншылығымен белсенді күресуге шақыра отырып, санкцияларды күшейтуді, ал Солтүстік Альянстан қару-жарақпен көмектесуді сұрады. Бүгін Брюссельде НАТО, «Үлкен жетілік» және Еуропалық одақтың саммиті басталады. Басқосуларда ең алдымен Укрианадағы ахуал мен Ресейге қарсы шараларды талқылау көзделген.

Владимир Зеленский, Украина президенті:

- Украина аспаны Ресей зымырандары мен әуе бомбаларынан қорғалмай отыр. Біз ұшақ пен зымырандарға қарсы заманауи қаруларды әлі алмадық. Бізге танктер мен кемелерге қарсы қарулар да келген жоқ. Ресей әскері әлі де мыңдаған тұрғынымызды өлтіріп, қалаларымызды талқандай алады.

НАТО ШЫҒЫС ЕУРОПАДАҒЫ ӘСКЕРІН КҮШЕЙТУГЕ НИЕТТІ

Ал НАТО альянстың Шығыс шекарасындағы әскерін күшейтуге ниетті. Бұл туралы Солтүстік Альянстың бас хатшысы Йенс Столтенберг мәлімдеді. Шара шеңберінде Венгрия, Болгария, Румыния және Словакияға қосымша күштер аттандыру қарастырылған. Айта кетейік, бүгін Брюссельде басталатын НАТО елдерінің саммитіне АҚШ президенті Джо Байден де қатысады.