Джо Байден Ресейді «Үлкен жиырмалықтан» шығаруды ұсынды

Саммитке қатысқан АҚШ президенті Джо Байден Ресейді «Үлкен жиырмалықтан» шығарып, ұйымның келесі кездесуіне Украинаны шақыру керек екенін айтты, деп хабарлайды «Хабар 24».

НАТО Украинаға көмек көрсете беретінін жеткізді. Солтүстік альянс елдері Ресейдің шабуылын айыптағанмен, Украина басшысының сұрауын жауапсыз қалдырды. Нақтырақ айтқанда, Киевке әскери ұшақ, танк және әуе шабуылына қарсы кешендерді беру мәселесі айтылмады. Алайда альянс Украинаға саяси қолдау көрсетіп, оның қорғанысына қажетті көмек болатынын тұспалдап жеткізді. Бірақ Украинаға әскерін кіргізбейтіні тағы айтылды. 

Джо Байден, АҚШ президенті:

– Бұл мәселе үлкен жиырмалық елдеріне байланысты. Егер Индонезия және өзге де елдер мен көтерген мәселеге келісетін болса, біз оны жүзеге асыра аламыз. Жалпы Украина үлкен жиырмалыққа бақылаушы ел ретінде қатыса алар еді. Ал Украинада химиялық қаруды қолдану мүмкіндігіне қатысты айтарым, НАТО бұған қатысты шешімді сол қару қолданылған кезде қабылдайтын болады.

Йенс Столтенберг, НАТО бас хатшысы:

– Бүгінгі кездесу Солтүстік Америка мен Еуропаның қазіргі дағдарысқа қарсы тұруда ауызбіршілік танытуы маңызды екенін көрсетті. Біз бірге болсақ, әлемде ең мықты альянс болып қала береміз және қауіпісіздігімізді де сақтай аламыз.