Германиядағы белсенділер мұнай мен газ тұтынудан бас тартуды талап етті

Германиядағы белсенділер мұнай мен газ тұтынудан бас тартуды талап етті

Германияда қоршаған ортаны қорғау белсенділері ауқымды шеру ұйымдастырды. Елдің 240 қаласында өткен акцияға мыңдаған адам қатысты.

Тек Берлиннің өзінде шеруге 20 мыңдай азамат шықты. Бәрінің талабы мұнай мен газды пайдалануды тоқтату. Ресейден келетін энергоресурстардан да түбегейлі бас тарту. Экобелсенділердің айтуынша, Германия өзінің климатқа қатысты саясатын өзгертуі қажет. Яғни халық тезірек баламалы қуат көздеріне көшуді талап етуде.

Алекса, шеруші:

- Украинадағы бейбітшілік пен тыныштық энергоресурс импортынан әлдеқайда маңызды. Мұнымен бірге бензин бағасының қымбаттауы әлеуметтік осал топтарға да қиындық әкелмеуі тиіс. Ғалымдар мен саясаткерлер осы мәселенің шешімін табуы керек. Және Германияның баламалы қуат көздеріне көшуі керек екені де сөзсіз.

Свантье, шеруші:

- Өскелең ұрпақтың болашағы үшін біз планетамызды барынша қорғауымыз қажет. Сондықтан климаттың өзгеруін тоқтату өте маңызды. Бұл қазіргі уақытта неміс халқы үшін басты мәселеге айналып отыр.