Британия украиналық босқындарды қабылдаудың екі түрін енгізді

Біріккен Корольдікте Украинадағы жағдайға үн қосуға арналған бейбітшілік пен ынтымақтастық шеруі өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Лондон тұрғындары көшеге шығып өз ұстанымын білдірді. Қазір елде Украина халқын қолдауға бағытталған арнайы үкіметтік бағдарлама жүзеге асып жатыр. Бірақ көрші Еуропа елдеріне қарағанда босқындарды қабылдау бойынша Ұлыбритания көш соңында келеді.  Лондондағы тілшіміз Ғалымжан Қараманұлы сабақтайды.

Ұлыбритания астанасының мэрі Садик Хан украиналықтар әскери қақтығыс тауқыметін тартып жатыр деп ұран тастап, оларды қолдау үшін лондондықтарды көшеге шығуға шақырды. Жалпы Украинадағы жағдай ушыққалы жергілікті халық шерулер мен наразылық шараларын өткізіп, зардап шеккендерге қаржылай қолдау көрсетуден қалыс қалған емес. Бірақ бұл ресми биліктің ұйымдастырған алғашқы шеруі. Мыңдаған адам қолдарына Украина жалауын және транспаранттар ұстап, Лондон орталығындағы Парк Лейн көшесінен бастап, Трафальгар алаңына дейін шерулетті.

Хеза Гласс, Лондон тұрғыны:

- Біз Лондонның оңтүстігінен келдік. Біз Украинаны жақтайтындығымызды көрсеткіміз келеді. Ресейдің істеп жатқан әрекетіне қарсымыз. Биліктегілер Украинаға бұрынғыдан да көбірек қолдау білдіреді деген үміттеміз.

Cадик Хан, Лондон қаласының мэрі:

- Босқындарға жағдай жасаудың озық үлгісін көрсетіп жатқан Лондондағы аудандық мэрияларға тағы 1 млн стерлинг фунтын бөлу туралы шешім қабылдадық. Украиналықтарды қабылдау үшін мектептер мен емдеу мекемелерін де дайындап жатырмыз.

Әйгілі Пикадилли Серкус алаңындағы алып экранда Жапон суретшісі Йоко Ононың «Бейбітшілікті елестет» акциясы ұйымдастырылды. Әдетте коммерциялық жарнама ғана көрсетілетін экран бұл жолы әлемді бейбітшілікке үндеді және қақтығыстан зардап шеккендерді қаржылай демеуге шақырды. Жалпы Лондон босқындарға баспана беруден ұзақ жылдар бойы қалыптасқан бай тәжірибесі бар. Ұлыбритания астанасы бұл жолы да дәстүрінен жаңылмақ емес.

Мэттью Рак, Лондон тұрғыны:

- Мен екі адамды үйіме кіргізе аламын. Үкімет әр босқынға ай сайын 350 стерлинг фунтын төлемекші. Бірақ мен сияқты адамдар ол ақшаны өздеріне қайтаратын сияқты. Өйткені қаражат көлемі өте мардымсыз. Меніңше, бұл мемлекеттің иммиграция бойынша тарихы тереңде жатыр. Біз украиналықтарға да қуана көмектесеміз.

Елена Верниенко, Украина азаматы:

- Жанашырлық танытып жатқан жергілікті халыққа рақмет. Менің мұнда әпкем тұрады. Сондықтан туысқан визасы арқылы келудің мүмкіндігі туды. Қарт әке-шешем мен қызымның амандығы үшін осында уақытша тұрақтадық. Барлығы аяқталғаннан кейін елге ораламыз деп үміттенеміз.

Ұлыбритания билігі украиналық босқындарды қабылдаудың екі түрін енгізді. Бірі осы елде тұратын туысқанына қосылуға мүмкіндік берсе, екіншісінде британиялықтардың өздері демеушілік етіп, қамқорлықтарына алады. Бірақ екеуіне де өтініш беру процесі қолайсыз болып тұр. Сондықтан кейбір украиналықтар Ұлыбританияға визасыз Ирландия арқылы пароммен өз бетінше жетуге мәжбүр.

Ғалымжан Қараманұлы