Шетелге қашқан украиналық босқындар саны 4 млн-ға жуықтады

Бұл туралы БҰҰ мәлімдеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Босқындардың екі млн-нан астамы Польшаға өткен. Бүгінде Краков және Варшава қалаларында украиналықтарға көмек беру орталығы жұмыс істеп тұр. Шетелге қашқан украиналық босқындар саны 4 млнға жуықтады.

Краков қаласындағы авто және теміржол вокзалында мынандай ыстық тамақ беру нүктесі орналасқан. Мұнда шай, кофе, азық-түліктен бөлек жеке гигиена заттары, бала жөргектері сияқты заттарды да тегін алуға болады.

Украинаға тегін звондауға болатын телефон сим-картасынан бастап дәл вокзалда жатын орын, жылы киім, Еуропаның басқа қаласына жеткізетін автобус, теміржол және әуе қатынастары да босқындарға тегін ұсынылады. «Украиналықтарға жұмыс», деген хабарландыруларды көруге болады. Босқындардың көбі кішкентай балаларын жетектеген әйелдер мен жасөспірімдер. 21 жастағы Юлия да, бес жасар баласымен талай түнді ұйқысыз өткізген Галина да Житомир қаласынан Польшаға аман-есен жеткен. Бірақ туғандары әлі Украинада, сондықтан әр сағатты алаңдаумен өткіземіз дейді олар.

Галина, украиналық босқын:

– Әрі қарай Прагаға бағыт аламыз. Чех жерінде алыс туысымыз бар, сол жақта паналай тұрамыз. Қосымша жұмыс іздеймін, тыныштық орнағаннан кейін міндетті түрде еліме ораламын. Өте қорқынышты күндерді бастан кештім, осы жаққа қарай қашудан басқа амал қалмады. Житомирдегі жарылыстан кейін үй терезесіндегі әйнектер шағылды. Ата-анам Украинада қалды, олардың жағдайын қатты уайымдаймын

Украиналықтардың Польша жерінде 18 айдан 3 жылға дейін тұрақтап, жұмыс істеуіне заң бойынша мүмкіндік жасалмақ. Сондай-ақ өз үйлеріне украиналықтарды қабылдаған Польша тұрғындары биліктен күніне 9, ал айына 263 доллар көмек ақша алуға құжат рәсімдей алады.

Лаура, Варшава қаласының тұрғыны:

– Дәл қазір украиналықтарға билік қана емес, қарапайым польшалықтар да көмектесіп жатыр. Коммерциялық ұйымдар да мүмкіндігінше телефон байланысын, азық-түлік, көлік жағын қамтамасыз етуде. Поляк тілін үйренуге тегін сабақтар тағы бар. Гуманитарлық көмектер өз алдына. Қала тұрғындары украин-поляк шекарасына өз көліктерімен барып, дайын ыстық тамақ жеткізіп беріп жатыр.

Анастасия, Киев тұрғыны:

– Польша халқы да, билігі де дәл қазір украиналықтарға көмегін ұсынып жатыр. Тегін транспорттан бастап, украин балаларын мектепке орналастыру бойынша еріктілер ақпараттық және материалдық көмек беруде. Далада келе жатсаң да, қала тұрғындары тоқтап тұрып, қалыңды сұрап дәрі-дәрмек алып берейік деп жанашырлық танытады.

Польшаның Краков және Варшава қалаларында әлеуметтік және мәдени нысандар, аялдама, көшелер украинаның туымен көмкеріліп, плакаттарда: «Біз Украиналықтармен біргеміз»,- деп жазылған.

Авторлары: Аида Қыдырбай, Дмитрий Рогач