Бішкекте қоқыс алаңы үлкейіп барады

Бішкекте қоқыс алаңы үлкейіп барады

Қырғыз астанасында қоқыс алаңы кеңейіп барады. Мамандар бұл Бішкек тұрғындарының денсаулығына үлкен қауіп төндіреді деп дабыл қақты. Биліктің қоқыс өңдейтін зауыт саламыз дегеніне бірнеше жылдың жүзі болды. Қоғамда жауыр болған мәселені қазір парламент депутаттары қарастырып жатыр.

Бішкектің дәл іргесіндегі мына қоқыс алаңы 1978 жылы пайда болған. Ол кезде билік 10 жылдан кейін жабамыз деген шартпен бастаған. Бірақ бұл жоспар ұмытылды. Жылда бір гектарға ұлғайып, қазір аумағы 45 гектарды шамалап қалған.

Тазабек Икрамов, Қырғызстан парламентінің депутаты:

- Бұл жерде біреулердің мүддесі тұр, инвесторлар үшін жағдай жасауға мүлде мүмкіндік жоқ. Мына қоқысты жоймаса, астана халқы әлі 10-20 жыл лас ауамен тыныстайды. Инвесторға қолайлы жағдай туғызып, қоқыс өңдейтін зауыт тұрғызу қажет.

Әкімшілік бірнеше жыл қатарынан "инвестор таптық, зауыт құрылысына арнайы жер телімін бөлдік" деген. Мұндай әңгімені араға 1 жарым, 2 жыл салып Бішкектің 3 мэрі де айтқан болатын. Тіпті 2011 жылы Еуроодақ 22 миллион еуро аударды. Жарты сома грант есебінде, қалғаны несиеге берілген-тін. Бірақ бұл ақша әлі игерілмей келеді. Биліктің қазіргі уәдесіне сенсек, зауыт келесі жылы салынбақ.

Бермет Борубаева, экология белсендісі:

- Таудай үйілген қоқыс үнемі жанып жатады. Оны сөндіру мүлде мүмкін де емес. Бұл алаңға қалдық төгуді тоқтату керек. Қоқыстың бықсып жанып, адамдарды улау үдерісі әлі бірнеше жылға созылатыны сөзсіз. Мұнда химиялық қалдықтар өте көп. 

Депутаттар қазір қоқыс алаңын реттеу үшін бөлінген қаржының қайда кеткенін қатаң тексеріп жатыр. Тағы бір сорақысы, жақын маңда 3 су қоймасы бар. Олардың да құрамын тексеру қажет. Депутаттар арнайы үлкен комиссия құрғалы отыр.

Бакыт Чермашев