Мәскеу Медведчукты айырбастауға қатысты мәлімдеме жасады

Мәскеу бірер күн бұрын Украинада ұсталған оппозициялық саясаткер Виктор Медведчукты айырбастауға қатысты Киевке жауап қайтарды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ресей президентінің баспасөз-хатшысы Дмитрий  Песковтың айтуынша, украиналық саясаткер Ресеймен ешқандай астыртын қарым-қатынаста болмаған және екі мемлекет арасындағы байланыстар бойынша өз ұстанымын ашық білдіріп келген. Еске сала кетейік, өткен сейсенбі күні Украина қауіпсіздік қызметі былтыр мемлекетке опасыздық жасады деген айыппен тұтқындалып, Украинада қарулы қақтығыс басталар алдында үйқамақтан қашып кеткен Виктор Медведчукты ұстағанын хабарлаған еді. Артынан президент Зеленский Медведчукты Ресейге тұтқында отырған украиналық жауынгерлерге айырбастауды ұсынған. 

Дмитрий Песков, Ресей Президентінің баспасөз хатшысы:

– Киевте түрлі саясаткерлер даурығып сөз етіп жатқан айырбастауға қатысты айтарым Медведчук Ресей азаматы емес. Оның әскери операцияға ешқандай қатысы жоқ. Ол – шетелдік саясаткер.