Мариуполь адам тұра алмайтын жағдайға жетті – Зеленский

РИА Новости

Украинаның Харьков қаласындағы шабуылдар үдеп барады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мариупольде де атыс басылмай тұр. Владимир Зеленскийдің айтуынша, шаһар адам тұра алмайтын жағдайға жеткен. Бұл ретте «Азовсталь» металлургиялық зауытына иелік ететін Украинаның ең бай адамдарының бірі - Ринат Ахметов соғыс аяқталғаннан кейін Мариупольді қалпына келтіруге сөз беріп отыр. Тұтқынға түскен Виктор Медведчук отқа оранып, ақыры суға батқан «Москва» крейсері.

Осы аптада Ресей мен Украина төртінші мәрте тұтқындармен алмасты. Сондай-ақ Владимир Зеленский Мәскеуге Украина қауіпсіздік қызметі ұстаған саясаткер Виктор Медведчукты әскери тұтқындарға айырбастауды ұсынды. Оның айтуынша, Жоғарғы Рада депутаты тығылып, Ресейге өтпек болған. Жалпы, бұған дейін Виктор Медведчук Украинадағы «Өмір үшін оппозициялық платформа» партиясын басқарған еді. Оған былтыр мамыр айында мемлекетке опасыздық жасады және лаңкестік ұйымға қолдау көрсетті деген айып тағылып, саясаткер үйқамаққа алынған еді. Бірақ Ресей Украинаға шабуыл жасаудан бірер күн бұрын Медведчук қашып кеткен.

Владимир Зеленский, Украина президенті:

- Медведчуктың ғарышкерлер күні қолға түскенінің бір мәні бар. Ол 48 күн тығылып, біздің елімізден қашып кетуге тырысты. Бірақ бұл ғарышкер үшін әйгілі «Ал кеттік» сөзі болмай қалды. Оның әскери киімді киіп, жасырынып қашпақ болғаны барып тұрған арсыздық. Әскери киімді таңдаған екен ендеше әскери уақыттағы тәртіпті қолданып Ресей Федерациясына бұл жігітті қазір тұтқында отырған біздің ұлдарымыз мен қыздарымызға айырбастауды ұсынамын.

Бірақ Кремль Владимир Зеленскийдің ұсынысын қабылдамады. Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песковтың айтуынша, украиналық саясаткер Ресеймен ешқандай астыртын қарым-қатынаста болмаған және екі мемлекет арасындағы байланыстар бойынша өз ұстанымын ашық білдіріп келген.

Дмитрий Песков, Ресей президентінің баспасөз хатшысы:

- Киевте түрлі саясаткерлер даурығып сөз етіп жатқан айырбастауға қатысты айтарым, Медведчук Ресей азаматы емес. Оның әскери операцияға ешқандай қатысы жоқ. Ол шетелдік саясаткер.

Соңғы күндері Украинаның Харьков қаласындағы атыс-шабыс үдеп барады. Жергілікті биліктің хабарлауынша Ресей әскері шаһардың тұрғын үйлерін зымыранмен атқылаған. Салдарынан екі адам қаза болып, 31 бейбіт тұрғын ауруханаға түсті. Мамандар мерт болғандар мен жараланғандардың саны әлі де артуы мүмкін дейді. Харьков - Украинаның солтүстік-шығысында орналасқан Киевтен кейінгі екінші ірі қала. Онда соғысқа дейін бір жарым миллионға дейін адам тұрған. Ресей әскері шаһарды Украинадағы қарулы қатығыс басталғалы атқылап келеді. Қазір мұндағы тұрғын үйлердің көбі қирап, инфрақұрылымның тоз-тозы шыққан. Мариупольдегі жағдай да мәз емес. Аймақта жарылыстардың дыбысы күнде естіледі. Шаһарда азық-түлік, ауыз су, дәрі-дәрмек тапшы. Украина президенті елді мекеннің 95 проценті тас-талқан болғанын хабарлады.

Владимир Зеленский, Украина президенті:

- Мариупольдегі ахуал өте қиын. Шаһар адам тұра алмайтын жағдайға жетті. Бұл Ресейдің ісі. Олардың мақсаты қаланың тас талқанын шығару болды. Ондағы халық та қырылып жатыр. Серіктестеріміз бізге шұғыл тұрде қуатты қару-жарақ пен ұшақтар беруге тиіс. Бізге бұл көмек ауадай қажет. Мариупольды басқыншылардан босатуымыз керек.

Ресейдің қорғаныс министрлігінің өкілдері әскери іс-қимылдар басталғалы осы Мариупольдың өзінде 4 мың сарбаз көз жұмғанын хабарлайды. 

Игорь Конашенков, РФ қорғаныс министрлігінің ресми өкілі:

- Мариуполь аумағы «Азов» украин ұлтшыл құрамы мен шет ел әскерінен қорғалды. Шаһарды азат еткенде 1464 украиналық сарбаз күш көрсетпей беріле салды. Мұндайлардың саны күн өткен сайын көбейіп келеді.

Сондай-ақ Ресейдің қорғаныс министрлігінің өкілдері  Қара теңізде оқ-дәрі жарылысынан кейін отқа оранып, бүлінген ресейлік «Москва» крейсері ақыры суға батқанын хабарлады. Бұл Ресейдің Қара теңізі флотындағы басты кемесі болатын. Ресми Киев су көлігін зымыранмен атқандарын мәлімдеген. Жалпы, Украинадағы ахуалды өз көзімен көру үшін осы аптада Польша мен Балтық теңізі жағалауындағы Латвия, Литва, Эстония елдерінің басшылары Киевке барып, Владимир Зеленскиймен кездесті. Кездесу барысында төрт елдің басшысы президент Владимир Зеленскиймен бірер апта бұрын Ресей әскерінен азат етілген Киев облысындағы Бородянка қаласын аралады. Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Украинаға әскери көмекті арттырып, Ресейге қарсы санкцияларды күшейтуге келісті.

Анджей Дуда, Польша президенті:

- 21 ғасырда әйелдер мен балаларды өлтіру, үйлер мен ғимараттарды атқылау – нағыз лаңкестік әрекет. Бұл соғыс ережелері мен халықаралық құқықты бұзып, тәртіпті аяққа таптау.

Украинада әскери іс-қимылдар басталғалы елден кетіп қалған азаматтардың көбі осы Польшаны паналағаны белгілі. БҰҰ өкілдерінің мәлімдеуінше, ақпанның аяғынан бері украиналық балалардың шамамен үштен екісі үй-жайын тастап кетуге мәжбүр болған. Шиеленіске дейін елде 7 жарым миллион кәмелетке толмаған бала тіркелген екен. Қазір солардың 4 миллион 800 мыңы жан-жаққа бас сауғалап кеткен.