Испанияда жылжымайтын мүлік нарығында алға жылжу бар

Испанияда жылжымайтын мүлік нарығында алға жылжу бар

Былтыр Испанияда жарты миллионнан астам жылжымайтын мүлік сатылған. Бұл соңғы 14 жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Тұрғын үй нарығын, әсіресе, шет ел азаматтары жандандырып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Пальма-де-Майорка – Жерорта теңізіндегі Балеар аралында орналасқан Испанияның әлемге танымал әдемі аралы. Екі жылға созылған коронавирус пандемиясынан кейін осы қаладағы жылжымайтын мүлікке сұраныс үш есе өсім көрсетті, оның ішінде Майоркадан үй сатып алған шет елдіктер саны 81,5%-ке дейін көтерілген. Алдағы уақытта Испания үкіметі құны 160 мың еуродан асатын мүлікті сатып алған шетелдік үшін осы елде тұруға рұқсат беру мүмкіндігін қарастырмақшы. Бұл туралы елдің мемлекеттік хатшысы Хайме Гарсия-Легас мәлімдеді.

Тони Грант, жылжымайтын мүлік нарығының маманы:

– Испанияның мүлік нарығы пандемиядан кейін қатты өзгерді. Оған бірнеше фактор әсер етті. Ең алдымен 18 ай бойы жұмысын тоқтатуға мәжбүр болған нотариус, құрылыс нысандары жабық еді. Қазір бұл қызмет түрлері қалыпты жұмысына орала бастады. Сондықтан кейінге қалдырылған мүлік нарығына сұраныс қайта жанданып жатыр. 

Мүлік нарығына сұраныс Майорка ғана емес, Барселона қаласында да бірнеше есеге артып отыр. Оған Испанияның қаражат ұйымдары ұсынған ұтымды ипотека тікелей әсерін тигізген.

Тони Грант, жылжымайтын мүлік нарығының маманы:

– Испания банктері Еуропа бойынша ең ұтымды ипотека түрін ұсынып отыр. Мысалы, жылжымайтын мүлікке несие 1,25 пен 2,5 процент аралығында. Бұл жалпы Еуропа бойынша ең төменгі көрсеткіш. Испанияда пандемиядан кейін жылжымайтын мүліктің сатылымы ғана емес, осы салаға инвестиция құю, нысандарды жалға беру саласында да өсім бар.

Паула, Барселона қаласының тұрғыны:

Жылжымайтын мүлік нарығындағы сұраныстың артуына инфляцияның өсімі әсер етті деп ойлаймын. Екіншіден, ковид шектеулері алына бастағаннан кейін туристер саны артты. Сөйтіп жалға берілетін пәтердің құны одан әрі шарықтай түсті.

Испания статистика институтының мәліметі бойынша елде 2021 жылы 565 523 жылжымайтын мүлік сатылған. Бұл 14 жылдағы ең жоғарғы көрсеткіш. Оның үстіне, жыл өткен сайын баспана бағасы да көтеріліп келеді. Айталық, Испанияның Майорка қаласындағы пәтер құны 3,5 млн евродан басталады. Люкс класындағы 150 шаршы метрлік баспананың бағасы жарты млн еуродан басталады.

Авторы: Аида Қыдырбай