Таяу Шығыстағы ахуал қайта ушықты

Израиль палестиналық «Хамас» қозғалысының нысандарына әуеден соққы берді. Әскерилердің мәлімдеуінше, қару-жарақ шығаратын зауыт талқандалған. Әскери операция «Хамас»-тың Газа секторынан еврей елінің аумағын зымыранмен атқылауына жауап ретінде жүзеге асырылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бірақ шабуылды Газадағы ешбір қарулы топ мойнына алған жоқ. Айта кетейік, Таяу Шығыстағы ахуал соңғы уақытта қайта өршіді. Оған өткен жұма күні Иерусалимдегі Әл-Ақса мешітінде Израиль полициясы мен палестиналықтар арасындағы қақтығыс түрткі болды. Ол осы аптада да жалғасын тапты. Соның салдарынан 31 палестиналық жарақат алды. «Рейтерс» агенттігінің хабарлауынша, Израиль полицейлері таңғы намаздан кейін 200-ге жуық мұсылманның ортасына келіп, шулы гранатамен және резеңке оқпен шабуыл жасаған. Осыдан кейін жергілікті тұрғындар сарбаздарға қарсы тас лақтыра бастаған. Бұл жағдайға АҚШ алаңдаушылық білдірді. 

Нед Прайс, АҚШ Мемлекеттік департаментінің өкілі:

– Біз аймақтағы ахуалға байланысты қатты алаңдаушылық білдіріп отырмыз. Осы ретте барлық тарапты ұстамдылық танытып, арандатушылық әрекеттерден аулақ болуға шақырамыз. Шиеленістің өршуін тоқтатып, қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолында шаралар қабылдануы керек. АҚШ-тың мемлекеттік департаменті аймақтағы жағдайды жіті бақылауда ұстап отыр. Және Израиль мен Палестинаның ресми өкілдерімен тығыз байланыста.

ИРАКТЫҢ СОЛТҮСТІГІНДЕ ӘСКЕРИ ОПЕРАЦИЯ БАСТАДЫ

Ал, Түркия осы аптада Ирактың солтүстігінде «Күрдістан жұмысшы партиясының»  содырларына қарсы жаңа операция бастады. Ирактың сыртқы істер министрлігі бұл әрекетін егемендік пен тату көршілік қағидасын бұзып отыр деп қабылдады. Ресми Анкара- Бағдаттың бұл мәлімдемесін негізсіз деп, Ирактың солтүстігінде орналасқан лаңкестік ұйымның сол елге қауіп төндіріп отырғанын тағы бір рет алға тартты.  Түркия бұл ұйыммен 40 жылдан бері күресіп келеді. Бұл жолғы әскери әрекеттің мақсаты - Ирактың солтүстігінде орналасқан Кандил тауына шоғырланған содырлардың көзін жою. 

Хулуси Акар, Түркияның Қорғаныс министрі:

– Еліміздің 40 жылдан бері мазалап келе жатқан лаңкестік індеттен ұлтымызды аман алып қалуға бел будық. Күресіміз соңғы содырдың көзін жойғанша жалғасады. Террор ұйымының ыдырап жатқанын куәміз. Осы уақытқа дейін біздің барлық әрекетіміз дос және бауырлас Ирактың егемендік құқықтары мен аумақтық тұтастығы аясында жүзеге асты. Тағы да айтқым келеді, біздің жалғыз нысанамыз – террористер. Азаматтарға, қоршаған ортаға, мәдени және діни құрылымдарға зиян келтірмеу үшін барымызды саламыз.

Операцияның екінші күнінде Бурса провинциясында тергеу изоляторының қызметкерлері мінген автобуста жарылыс болып, бір кісі қаза тапты. 4 адам – жарақат  алды. Ал, Ыстамбұлда 5 қабатты ғимарат алдында орналастырылған жарылғыш затты дер кезінде тұрғындар байқап, қауіпсіздік сақшыларына хабар берген.    

Режеп Тайып Ердоған, Түркия президенті:

Ирактың солтүстігінде жалғасқан «Пенче» операциясы террор ұйымдарын тізе бүктіруге бағытталған. Лаңкестік ұйым өзінің соңғы демімен Кандилдің тапсырмасын орындап, елімізді отқа орап, жоюға тырысуда. Қазірге дейін «Пенче» операциясы барысында 45 содыр залалсыздандырылды. Өкінішке қарай, 3 әскеріміз шәйіт болды. Барлық жасырын жерлерді анықтап жатырмыз. Барлық күш-жігеріміз жұмылдырылған. Бұдан бөлек, барлық технологиялық мүмкіндіктеріміз, зымырандарымызбен жұмыла шабуылдап жатырмыз. Әскери әрекет соңына дейін жалғасады. Лаңкестікке қарсы күресті табанды түрде жалғастырамыз.