АҚШ-та адам күлінен жасалған гауһартасқа сұраныс жоғары

Мына асыл тасқа қарап, оны адамның күлінен жасалды деп айту қиын. Соңғы уақытта осындай жолмен о дүниелік болған жақындарын мәңгі есте сақтауға ұмтылатын америкалықтардың қарасы көбейген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Кристи Бернард, тұрғын: 

 – Қолымдағы мына қымбат тас менің кремацияланған марқұм жолдасымның күлінен жасалған. Оны дайындаған компанияға алғысым шексіз. Енді қай жерде жүрсем де, өзіммен бірге болады.

Мұндай гауһар тастың құны оның көлемі мен түсіне қарай 3 мыңнан 20 мың долларға жетеді. Оны дайындауға 1 жылдай уақыт кетеді. Ал әзірлеу жолы  синтетикалық гауһарды жасаумен бірдей. Ол мәйітті өртеген соң қалатын көміртектен әзірленеді. Тіпті осындай жолмен дайындалған асыл тасты табиғи гауһардан тек арнайы химиялық жолмен ажыртуға болады, - дейді мамандар.

Дин Ванденбизен, жеке компанияның вице-президенті:

– Бұл нағыз гауһар тас. Біз оны табиғатта болатын процесстерді қайталау арқылы аламыз. Яғни табиғи гауһар жер қыртысында жоғары температура мен қысымның әсерімен пайда болса, біз де жоғары технологияның көмегімен тура осыны қайталаймыз. Осы кәсіппен айналысып келе жатқанымызға 20 жыл болды.

Қазір АҚШ-та қызмет кеңінен тарала бастаған. Оған 2016 жылдан бері марқұмдардың денесін кремациялауға сұраныстың артуы себеп болыпты. Соңғы жылдары коронавирус та ықпал еткен. Пандемия кезінде індеттен көз жұмғандардың жартысына жуығы өртеліпті.

Эрик Барна, Грин-Вуд қабірстанының вице-президент:

– Отбасылар үшін кремациялау экономикалық тұрғыдан ғана емес, пандемия кезінде тығырықтан шығудың жалғыз жолы болды. Коронавирустан қайтыс болғандарды жерлеуге тыйым салынды. Ал марқұмның мәйіті өртелген соң күлі отбасында қалады. Егер өткен жылдарға көз жүгіртсек, індеттің алғашқы айлары сұрапыл болғаны соншалық тапсырыс көбейіп, 18 сағаттан жұмыс істедік.

Салыстырмалы түрлде айтсақ, былтыр бір компанияның өзі төрт жарым мыңдай мәйітті өртеген. Бірлестік өкілдерінің айтуынша, бұл әдеттегіден 3 есе көп.

Авторлары: Дәурен Ақашұлы, Вероника Боярова