Түркістандағы театрда Ресейдің режиссері Қорқыт туралы спектакль қояды

Түркістан музыкалық драма театрында тұңғыш рет «Қорқыт туралы аңыз» пластикалық спектаклі қойылады.

Жазушы-драматург Ермек Аманшаевтың либреттосын белгілі Ресейлік балетмейстер, режиссер Константин Семенов сахналайды. Жаңа қойылымның премьерасы мамыр айының 21-22 күндері болады. Түркі халықтарына ортақ рухани абыз, ойшыл, жырау, қобызшы Қорқыт атаның бейнесін кәсіби балет әртістері: Еламан Әбдіқалық пен Еркінбек Әубәкіров сомдайды. Пластикалық спектакльде жер дүниені алай-дүлей етіп өмірге келген Қорқыт алып қарағашты ойып қобыз жасайды. Әлемді қобыз үнімен әлдилейді. Алайда көрген түсінен шошып, өлімнен қашады.

«Қайда барса да Қорқыттың көріне» кезігеді. Спектакльде ұлы өнерін ізгілікке арнаған Қорқыт пен жер бетін араздыққа айналдыруға тырысқан пері қызы - Мартудың арасындағы мәңгілік айқас заманауи хореография тілімен әсерлі бейнеленеді.

Константин Семенов, қоюшы-режиссер:

- Қорқыт барлық түркі халықтарына ортақ өте күрделі тұлға. Біз ғасырлар бойы халық жадында сақталған, аңыз-әбсаналарда айтылған Қорқыт туралы шындықты негізге ала отырып, бүгінгі заманауи  шығармашылық мүмкіндіктерімізді пайдаланып, жаңа дүниені көрерменге ұсынбақпыз. Өнердің барлық жетістіктерін бір арнаға тоғыстырып, өмірдің мәні мен сырын түсіндіруге тырысытық.