Малайзияда тауық етін экспорттауға тыйым салынды

Малайзия үкіметі тауық етін Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне экспорттауға тыйым салды.

Шешімге Украинадағы ахуалдан ғаламдық тауар жеткізу тізбегі бұзылып, құс жемін импорттаудың қиындауы ықпал еткен. Себебі етке сойылатын тауықтардың орыны тез толмай, ішкі нарықта дефицит туындауы мүмкін. Шара жағдай тұрақталғанша қолданылмақ. Бірақ тауық өсірумен айналысатын шаруалар көп жапа шегетіндерін айтып, наразылығын білдіріп жатыр.  

Сиайзул Абдулла Сиамиль Зулкаффли, фермер:

- Егер тауық етін экспорттауға тыйым салынса, біздің өнімімізді алатын елдер оларды өзге мемлекеттерден тасымалдауға көшеді. Содан кейін ол нарыққа кіру қиынға соғады.

Көрші елдің кәсіпкерлері де жапа шекпек

Малайзия билігінің әсері Сингапурдегі кәсіпкерлерге де кері әсерін тигізейін деп тұр. Себебі мұндағы мейрамхана мен дәмханалар тауық етін Малайзиядан сатып алады. 

Даниэль Тан, дәмхана қожайыны:

- Бізде күріш пен тауық еті тағамын дайындайтын дәмханалардың көбі жаңа сойылған етті қолданады. Егер Малайзияда тауық етін экспорттауға тыйым енгізілсе, мұздатылған етті пайдалануға тура келеді. Бұл кәсібімізге кері әсер ететіні анық.