НАТО таяп қалды: Ресейге көршілес жер Альянс бекінісіне айналуы мүмкін

НАТО Швеция мен Финляндияға ядролық қару орналастыруы мүмкін. Сарапшылар бұл үшін қолайлы жер Балтық теңізіндегі Готланд аралы дейді. Қазір онда одақтастардың 2 аптаға созылатын әскери-теңіз оқу-жаттығулары өтіп жатыр.

Ал Готланд Ресейдің Калининград аймағына тиіп тұр. Бұл шағын аралдың стратегиялық маңызы неге артты? 

60 мыңдай халқы бар Готландтан Калининград небәрі 300 шақырым жерде орналасқан. Ал Калининградта Ресейдің Балтық майданының бас штабы тұр. Швеция аралдағы қорғанысты Ресей Қырымды басып алған 2015 жылдан бері күшейте бастады. 

Украинадағы жағдайдан кейін Швеция НАТО құрамына кіруге өтініш берді. Ал әскери жаттығулар Готландта жылда өтеді. Бірақ биыл авиация мен кемелер қосылды. Одақтас әскер қатарында 16 елден келген 7 мың теңізші мен ұшқыш бар. 

Джон Менони, АҚШ Теңіз әскерінің контр-адмиралы:

- Стратегиялық маңызына тоқталсам, бұл жерде Швеция, Финляндия және 14 елмен бірге жұмыс істеу мүмкіндігі бар. Осылайша біз кез келген дағдарысқа қарсы төтеп бере аламыз. Жер сілкінсе де, жау шапса да, бәріне дайын тұруымыз керек.

РЕСЕЙ

Ресей Швеция мен Финляндия НАТО-ға қабылданған жағдайда қатаң шаралар қабылдайтынын ескертті. Кремль ядрорлық қару  қолданудан тайынбайтынын бірнеше рет мәлімдеген болатын.

ШВЕЦИЯ 

Микаэль Норрби, профессор:

- Бұған дейін Готландқа қатысты мәселе ешқашан туындаған емес. Балтық елдеріне әскери қолдау көрсету ісі жеңілдеуі немесе керісінше қиындауы мүмкін. Бәрі аралға кімнің бақылау орнататынына байланысты. 

Швеция әскерінің саны туралы мәлімет әртүрлі. Кейбір дерек бойынша 30 мыңға да жетпейді. Яғни Ресей күштерінен бірнеше есе аз. Ресми Стокгольм аймақтағы жағдай ушықса, еуропалық одақтастар мен АҚШ көмекке келеді деп сенеді. Ал сарапшылар аймақтағы жалпы жағдай Украина дағдарысына тікелей байланысты екендігін алға тартады.

Ернат Қашқынов