Украинада биыл егін өнімі екі есеге қысқаруы мүмкін

Украинадағы ахуал әлемде азық-түлік тапшылығын туғызып, бағалардың шарықтауына әкелді. Әсіресе, астық дағдарысы шиеленісті. Себебі соғыстан Украина мен Ресейден шикізат жеткізу тоқтап қалған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал әлемдік нарықтағы астықтың үштен бір бөлігі осы қос елдің еншісінде. Сарапшылар келер жылы жағдай тіпті нашарлайды деп отыр.

Цюй Дунъюй, БҰҰ Азық-түлік және ауылшаруашылық ұйымының бас директоры:

- Украинадағы соғыс пен өзге де қарулы қақтығыстар әлемде азық-түлік қауіпсіздігін әлсіретті. Жағдайды жан-жақты саралап шұғыл түрде қажетті шаралар қабылдауымыз керек.

Ал Украинада биыл егін өнімі екі есеге қысқаруы мүмкін. Бұл туралы осы елдің Ауыл шаруашылық министрлігі хабарлады. Дағдарысқа соғыс кесірінен егістік алқаптарының азаюы себеп. Егер Киев былтыр 86 млн тонна егін алса, биыл 48 миллиондай ғана астық жинауы мүмкін.

Владимир Онищук, фермер:

- Мені көптеген мәселе алаңдатады. Біріншіден соғыс қалыпты жұмыс жасауымызға кедергі келтіріп отыр. Екіншіден Ресейдің порттарды қоршауынан өнімімізді сыртқа шығара алмай отырмыз. Бұдан бөлек комбайншылар әскери қимылдардан жұмыс жасауға қорқады. Бұған жанармай тапшылығын қосыңыз.

Астық дағдарысы өзге де елдердегі ахуалға байланысты шиеленісіп отыр. Мысалы, 5 ірі экспорттаушы мемлекеттің қатарына кіретін Үндістан аномальды ауа райынан зардап шегуде. Ақпан айындағы жауын-шашыннан кейін енді елдің көп бөлігінде аптап ыстық орнаған. Шыжыған күннен егін қурап, өнім 20 процентке азайған.

Мен 74-темін. Нью-Делиде мұндай ыстықты бұрын соңды көрмеппін. Раджастанда сынап бағанасы 48 градусқа жетті деп естідім.

АҚШ президенті Джо Байден астық дағдарысын Ресейсіз шешу жолын ұсынды. Ол үшін Украинаның батыс шекарасы аймақтары мен Польшада уақытша қоймалар құру керектігін айтады. Осылайша Украина порттарын қоршауда қалып отырған 25 миллион тонна бидайды сыртқа шығару болады дейді. 

Джо Байден, АҚШ президенті:

- Менің жоспарым қарапайым. Біз Украинада қоршауда қалған 20 миллион тонна астықты нарыққа шығару үшін еуропалық әріптестермен тығыз жұмыс істеп, бидайды теміржол арқылы басқа елдерге жеткізу бойынша жоспар құрып жатырмыз. Сосын көлікке тиеп, мұхитқа жеткіземіз, әр қарай әлемге таратамыз.

Ал сарапшылардың айтуынша Украинадағы ахуалдан кедей елдер көп зардап шегіп отыр. Себебі әлемде 50-ден астам ел астықтың басым бөлігін Ресей мен Украинадан импорттайды екен.

Авторы: Дәурен Ақашұлы