Украинада жаппай қымбатшылық белең алды

Инфляцияның негізгі драйвері болған бензин бағасының бір литрі Украинада екі евродан асты, бұл шамамен мың теңге. Оның өзінде тәулігіне бір адамға он литр ғана отын сатылады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сондықтан оған тұрған ұзын-сонар кезек бес шақырымға дейін созылды. Соғыс басталған 110 күнде елдегі жанармай құю бекеттерінің саны 7500 ден 2500 ге дейін қысқарған. Ел билігі Заң жүзінде Ресей және Беларусь мұнай өнімдерінен бас тартты. Қазір сұйық отын тек Еуропа елдерінен тасымалданады. Бұл әлбетте, азық түліктің қымбаттап кетуіне тікелей әсер етті.

Марина, Киев қаласының тұрғыны:

- Біз Киевтен ешқайда кетпедік, сондықтан бағаның өсімін анық байқадық. Кафе, мейрамханаға бару қатты қымбаттады. Шет елден тасымалданатын тауар түрлерінің құны 30 процентке дейін артты. Сүт, ет өнімдері, жеміс, көкөніс де қалыспай тұр. 

Әсіресе, жылы елдерден тасымалданатын жеміс үш айда 40 процентке дейін шарықтаған. Көкөніс 25, балық өнімдері 12, сүт өнімдері 22, қант 30 процентке көтерілген. Статистика агенттігінің ресми мәліметіне сай жекелеген азық-түлік тауарлары 25 процентке дейін қымбаттады.

Катерина, Киев қаласының тұрғыны:

- Қант пен тұз тіпті алтын өнімге айналды. Дүкен сөрелерінде сода жоқ, лимон қышқылы қазір 40 гривеннің шамасында, соғыс басталмай тұрып 14 гривень тұратын.

Александр, Киев қаласының тұрғыны:

- Күнбағыс және сарымайдың бағасы артты. Дәнді дақылдар қымбаттап, қарақұмық, тұз тапшы. Жалпы тасымалданатын барлық нәрсе қымбаттады.

Киев тұрғындары такси, пошта қызметі үш есеге қымбаттағын айтады. Ел үкіметі 29 сәуірде ұн, нан, сүт, жұмыртқа, тауық еті сияқты әлеуметтік маңызы бар өнімдерге соғыс уақытында 10 процент қана сауда үстемесін қосуды қаулы еткен. Алайда, елдегі отын дағдарасына байланысты сауда бизнесі бұл шараны алып тастауды талап етті. Бұл ретте, дүниежүзілік банк жыл соңына дейін Украинадағы инфляция 20 процентке дейін көтеріліп, ішкі жалпы өнім көрсеткіші 44 процентке құлдырайды, - деп болжайды.

Авторы: Аида Қыдырбай