Украинада 22 млн тонна дәнді дақыл экспортқа шыға алмай тұр

Украинада 22 млн тонна дәнді дақыл экспортқа шыға алмай тұр

Жыл сайын Киев экспортқа жинайтын астықтың 30 процентін Еуропаға, 40 процентін Азияға, ал қалған 30 процентін Солтүстік Африкаға жеткізетін. Ал, қарулы-қақтығыс басталғалы елдің қара теңіздегі порттарында миллиондаған тонна бидай бұғатталып тұр деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл  өз кезегінде жаһандық азық-түлік қауіпсіздігіне үлкен қатер дейді сарапшылар.

Владимир Зеленский, Украина президенті:

- Аграрлық саламыз келесі жылы да жұмыс істеу үшін алдын-ала қамдану керек. Ол үшін жиналған арпа, бидай, жүгері барылығы шұғыл экспортталу керек. Қазір 22 млн тоннна астық бұғатталып тұр. Күзде тағы 60 млн тонна жиналмақ.  Жағдай одан бетер қиындай түсетін көрінеді.

Қазір шаруалардың банкротқа ұшырау қаупі өте жоғары.  Өйткені тауар әлемдік нарыққа саудаланбайды, ал қоймаларда бос орын жоқ. Енді диқаншылар астықты тапсыратын жер тапшы деп  шағымдануда.  Оған қоса көптеген егіс алқаптарының жарылыстардан сау жері қалмады. Егіншілер болса өмірлерін қатерге төндіріп жұмысын жалғастырып жатыр. Мәселен алқаптарда залалсыздандырылмаған әскери снарядтар мен миналардың санында шек жоқ.

Юрий Вакуленков, кәсіпкер:

- Астықтың бағасы құлдырап тұр. Қоймалар лық толды, тауарды қабылдаудан бас тартып жатыр. Шаруалар жиғанын осы жерде қалдыруға мәжбүр. Ал, алқаптар болса атыс-шабыстан көк түтінге оранды.

Александр Чубук, шаруа қожалығының басшысы:

- Порттардың жұмысы тоқтап қалғандықтан украиналық бидайды халықаралық нарыққа шыға алмай отырмыз. Теңіз арқылы өтетін жол біз үшін өте маңызды. Жағдай қиындаған сайын бидайға деген сұраныс та төмендеп барады. Қазір Еуропа арқылы өтетін логистикалық бағыт қарастырылып жатыр. Дәнді-дақылға лық толған қоймаларды шұғыл босату керек. Өткені 2 аптадан кейін жиналған астықтың жаңа партиясы келеді.

Егер өткен жылы Украина айына 7 млн тоннаға дейін бидайды шет ел нарығына шығарса,  өткен айда бұл көрсеткіш  2,2 млн тоннаға дейін жетті. Әзірге экспорттың 30 проценті Дунай өзеніндегі 3 порт арқылы жүзеге асуда. Тағы көлемі шағын  12 шекара өткізу пунті арқылы шығарылады. Бірақ көліктер шекарада бірнеше күн бойы қаңтарылып тұр.

Жуырда Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауылшаруашылық ұйымы Украинадағы қойма тапшылығы мәселесін шешу үшін құны 17 млн доллар болатын жоба ұсынған еді. Жоба іске аспайынша астықты сақтау мәселесінің шешілуі қиындай түседі дейді сарапшылар.