Түркияда коронавирус қайта күшейді

Түркияда коронавирус қайта күшейді
Newsroom.kz

Коронавирус өршіп тұрған елдердің бірі – Түркия. Елде эпидахуалға байланысты денсаулық сақтау министрлігі жасы 50-ден асқан азаматтарды қайта екпе салдыруға шақырып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Меруерт Қанағат, тілші:

Түркияда маусымнан бері ковид- 19-ға шалдыққандар саны 8 есеге артты. Негізгі үлес омикрон штамына тиесілі. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі жариялады. Жалпы ведомства маусым айынан бері коронавируске қатысты статистика кестесін тәуліктік емес апталық ретінде бөлісіп жүр. Осы кесте бойынша жаздың алғашқы аптасында 7 мың 322 кісі тіркелген. Ал 27 маусым мен 3 тамыз аралығында бұл көрсеткіш 57 мыңға жеткен. Дегенмен елдің бас дәрігері алаңдауға еш орын жоқ деп, қазіргі вирусты тұмауға теңеп, ковид-19 шалдыққандар артқанымен ауруханаға түскендердің аз екенін мәлімдеді. Сақтық шараларының елдің күн тәртібінде жоқ екенін айтты. Десе де 50 жастан асқандар, созылмалы ауру барларды ескертіп, сақтықта қорлық жоқ деп, екпе алуға шақырды.

Ал Түрік клиникалық микробиология және жұқпалы аурулар қоғамы, түрік кеуде (өкпе) қоғамы, түрік медицина қауымдастығы індет әлі біткен жоқ деп, сақтық шараларын қайта енгізуге шақырып отыр. Үкіметтік емес ұйым, жабық жерлерде маска тағуды міндеттеу керек деп санайды. Сонымен қатар балаларды вакциналауды бастап, коронавирусқа қатысты деректерді апта сайын емес, күн сайын жариялауды ұсынды.

Естеріңізге салайын, Түркиядағы маска режимі мамыр айының соңында жағдай тұрақтанып, тәулігіне вирус жұқтырғандар саны төмендеуіне байланысты алынып тасталған. Енді қайта тәртіп қатаңдатылатын түрі бар.