Испанияда аптап ыстық халықты әбігерге түсірді

Испанияда аптап ыстықтың екінші толқыны басталды. Сынап бағанасы 47-ге жеткен. Мұндай жағдай апта соңына дейін жалғасуы мүмкін. Испанияның жиырмаға жуық елді мекенінде қапырыққа байланысты метеорологиялық қауіптің «қызыл» деңгейі жарияланды.

Шілденің шіліңгір ыстығы Испания тұрғындары мен туристерін әбігерге салды. Таңнан бері теңіз жағалауында тіпті орын жоқ, су маңында сая іздеушілердің қарасы қалың. Күннің қатты ысуына Солтүстік Африкадан ауған ағын әсер етті, дейді метеорологтар. "Үп" еткен желі жоқ дәл мұндай қапырық қырық жылдан бері болмаған. 

==БЛИЦ==

- Қатты ыстықтан кейде ауа жетіспей, демалу мүмкін болмай кетеді, теңіздің суы болмаса жағдайымыз қиын болатын еді.

- Көлеңкенің өзінде аптап ыстық қырық градустан асып тұр. Теңіз жағасында да салқын жел жоқ. 

Аптап ыстықтан тұрғындардың көбі үйіне тығылуға мәжбүр. Алайда төрт айдан бері Испанияда электр энергиясына төленетін тариф бірнеше есеге өсіп кетті. Амал жоқ, жергілікті жұрт желдеткіш сияқты қуат көздерін үнемдеп қолданып отыр. Өйткені электр энергиясының құны мегаватт сағатына 700 еуроға дейін қымбаттаған. 

Хуан, Барселона қаласының тұрғыны:

- Күннен тығылып, үйде отыру қалтаңды қағады. Өйткені ыстық үйде үнемі желдеткішті қосуға мәжбүр боласың. Ал қуат көздеріне төленетін тарифтің бағасы қатты шарықтап тұр. Ыңғайлы әрі үнемді уақыт тек таңғы уақытта ғана беріледі. 

Метеорологтар Испаниядағы аптап ыстық апта аяғына дейін жалғасатынын айтады. Испанияның жиырмаға жуық елді мекенінде күн райының қолайсыздығына байланысты қауіптің «қызыл» деңгейі жарияланды. Түнде сынап бағаны отыз градус ыстықтан төмен түспейді. Испанияның денсаулық сақтау министрлігі мұндай қапырық күндері тұрғындарды спортпен шұғылданбай, суды көп ішуге кеңес береді. Өйткені бір аптаның ішінде басынан күн өткен мыңдаған адам дәрігер көмегіне жүгінген. 

Аида Қыдырбай, Дмитрий Рогач