Еуроодақ Украинаға тағы да қаржы бөлмек

Украина әскерін қару-жарақпен жабдықтау үшін Еуроодақ қосымша 500 млн еуро бөледі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жалпы Киевке соғыс басталғалы жұмсалған қолдау қаржының сомасы 2,5 миллиард еуроға жетті. 500 млн еуроға Украинаға қорғаныс мақсатында қолданылатын қару-жарақ алынуы тиіс. Одақтан тыс аумақтағы қақтығыстарға ақша бөлу мәселесі біраз дау тудырғанымен, қаражаттың алғашқы траншын жөнелтуге Еуроодақ елдері бірауыздан қолдау білдірген еді. Еуропалық Одақтың сыртқы істер министрі Жозеф Боррель «дипломатия тұрғысынан титықтауымызға жол беруге болмайды» деп мүше елдерге үндеу тастады.

Жозеп Боррель, Еуроодақтың сыртқы істері жөніндегі жоғарғы өкілі:

Путин «түптің түбінде демократия титықтайды» дегенге сенсе керек. Демократия әлсіз және бір ақпаратты екіншісі жасырады деп ойлайды. Бірақ олай емес. Еуропа қауымдастығы мұндайға жол бермейді. Одаққа мүше елдер бастапқы қағидасынан бас тартпауы тиіс. Ресей экономикасына қарсы қатаң шара қолдану туралы әу баста шешім қабылдады және одан айнымайды.