Еуропа үнемдеуге көшті

Еуропа үнемдеуге көшті

Әлемдік экономиканың биылғы және келесі жылғы өсімі төмендеді. Жайсыз хабарды Халықаралық валюта қоры жеткізді. Ал АҚШ-тың Федералды қор жүйесі базалық пайыздық мөлшерлемені көтерді. Сарапшылар "енді бұл жылжымайтын мүлік нарығына кері әсер етеді" дейді. Энергетика дағдарысына тап болған еуропалықтар қазірден қатаң үнемдеу шараларына көшті. Австралияның да жағдайы мәз емес.

Халықаралық валюта қоры әлемдік экономиканың биылғы өсімін 3,2 пайызға төмендетті. Ал келесі жылғы болжам 2,9 пайызға кеміді. Сарапшылар кері кетуге пандемияның теріс салдары мен Ресейдің Украинаға басып кіруі тікелей әсер еткенін алға тартады. Сонымен қатар Халықаралық валюта қоры ғаламдық инфляция биыл дамыған мемлекеттерде 6,6, ал дамушы елдерде 9 жарым процентке өседі деп ескертті. Әлемдік өсім 1970 жылдан бері 5 рет төмендеген.

Пьер Оливье Гуриншас, ХВҚ Бас экономисі:

- Бірінші себеп, ең жоғары инфляция АҚШ пен Еуропаның экономикасы ірі елдерде болады деп күтілуде. Бұл ақша-несие саясатына үлкен салқынын тигізбек. Екіншіден, Қытайда күтпеген жерден ковид қайта өршіп, карантин күшейді. Үшіншіден, Украинадағы соғыс пен санкциялардың текетіресі әлемдік экономиға кері әсер етті.

АҚШ-та инфляция ырық бермей тұр

АҚШ-тың Федералды қор жүйесі базалық мөлшерлемені 75 бағамға көтерді. Дегенмен, бұдан инфляция деңгейі айтарлықтай төмендеген жоқ. Қайта жұмыссыздық артып, экономика кері кетуде. Америкада мұндай шешім соңғы рет 1994 жылы қабылданған.

Айта кетейік, АҚШ-та қымбатшылық көрсеткіші наурыздан бері 8 процентке артты. Мамандар инфляцияны ауыздықтау үшін әлі көп күш-жігер қажет дейді.

Боб М. Макнаб, экономист:

- Үй шаруашылығы тауарларын тұтыну деңгейінің төмендегенін байқап отырмыз. Американдықтар алдағы уақытта ақшаны көбірек үнемдеуге кіріседі. Федералды қор қазір қиын жағдайға қалды. Ол инфляцияны бақылауда ұстауға тиіс. Тұтынушылық сұранысты төмендету үшін ақшаның құнын көтеруі керек. Ал бұл экономикалық өсімді тежейді.

Австралияда қымбатшылық қысып тұр  

Австралияда инфляция 1 жыл ішінде 6 процентке  артты. Қымбатшылық әсіресе биыл қатты сезіліп отыр. Жасыл құрлықтағы жанармай бағасы 30, ал тұрғын үй құны 25 пайызға көтерілді. Қазір бұл елде жұмыс күші мен құрылыс материалдары тапшы. Су тасқыны да көбейді. Шығыстағы бау-бақшалар дұрыс өнім бермей, жеміс-жидек пен көкөніс бағасы аспандап кетті.

Джим Чалмерс, Австралияның қазынашылық басшысы:

- Қазір біздің ең ірі сауда серіктесіміз Қытай. Сондықтан осы елдің экономикасындағы болып жатқан дағдарыс біздің елдің әлеуетіне тікелей әсер етеді. Украинадағы жағдайдың да ықпалы орасан.

Еуропаны қымбатшылық жайлады

Еуропаны да қымбатшылық жайлады. Франция билігі тұрғындар үшін жанармай алуға көмекқаржы беруді жоспарлап отыр. Мемлекет  қыркүйек пен қазанда әр литр үшін 30 цент төлемек. Италия үкіметі қоғамдық орындардағы ауабаптағыштар мен жылу жүйесін өшіруді міндеттеді. Германия да қатаң үнемдеу шараларына кірісті. Аугсбург қаласында түнде көшедегі шамдардың жарығын бәсеңдетіп, фонтандарды тоқтатқан.