Әлемде ядролық қаруды қолдану қаупі күшейді

Бұл туралы БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриш Ядролық қаруды таратпау туралы келісім-шартқа мүше елдердің конференциясының ашылуында мәлімдеді.

Халықаралық құрылым жетекшісі бұған дейін мұндай дағдарыс Таяу Шығыс және Корея түбегіне қатысты орын алып келсе, енді Украиндағы қақтығыстан жағдай тіпті шиеленісіп кеткенін айтады.

Әлемде ядролық қаруды қолдану қауіпі қырғиқабақ соғыстан бергі ең қауіпті деңгейге жетті. Себебі оның алдын алуға бағытталған 1968 жылғы құжаттың тиімділігі төмендей түскен. Осыған байланысты БҰҰ басшысы әлем елдерін ядролық қарудан бас тартып, оны толық жоюға шақырды.

Антониу Гутерриш, БҰҰ Бас хатшысы:

- Ядролық қарудың ешқашан қолданбаудың жалғыз кепілі - оны толықтай жою. Біз осы мақсатқа жету үшін тыным таппай әрекет етуіміз керек. Алдымен әлемдегі бүкіл жойқын қаруды азайту қажет. Ол үшін қолда бар көпжақты келісімдерді  пайдаланып, мәселені шешу жолдарын қарастыруға күш салу маңызды. 

Конференцияда көтерілген басты мәселелер Украинадағы ахуал және Солтүстік Корея мен Иранның ядролық бағдарламасы болды. АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен жойқын қаруды қолданудың алдын алуға бағытталған құжаттың тиімсіз тұстарын өзгерту қажет деді. Ал Германия Сыртқы істер министрі Анналена Бербок Тегеранды 2015 жылғы ядролық келісімді орындауға шақырды.

Энтони Блинкен, АҚШ Мемлекеттік хатшысы:

- Ядролық қаруы бар барлық мемелекеттер жауапкершілікті сезінуі керек. Біз өз тарапымыздан ядролық шиеленіске әкелетін қадамдарға жол бермеуге күш салып келеміз. Әлемде күшпен немесе қорқыту арқылы ядролық тежеуді жүзеге асыруға жол берілмеу керек. Біз мұндай әрекетке бірлесіп қарсы тұруымыз қажет.

Анналена Бербок, Германия Сыртқы істер министрі:

- Иранның ядролық бағдарламасы бізді алаңдатады. Ядролық қаруы жоқ ешбір елге уранды 60 процентке дейін байытудың негізі жоқ. Ал Ресей мен Украина арасындағы қақтығысқа келетін болсақ Ресей ядролық қаруы жоқ елге шабуыл жасап Будапешт меморандумын бұзды. Мәскеудің ядролық қаруды қолдануға қатысты мәлімдемелері БҰҰ қарусыздану жөніндегі комитетінің қол жеткізген жетістіктеріне қауіп төндіріп отыр.

Ядролық қаруды таратпау жөнінде келісім-шартқа қол қойған елдердің конференциясы әр 5 жыл сайын өтеді. Бірақ пандемиядан 2020 жылы өтуі тиіс 10-басқосу кейінге шегерілген еді. 

Дәурен Ақашұлы