Қырғызстанда доллар тапшы болып жатыр

Қырғызстанда доллар тапшы болып жатыр

Соның салдарынан қара нарықтағы сауда қыза түскен. Ұлттық банк өкілдерінің хабарлауынша, жеке тұлғалар валютаға сұраныстың артып тұрғанын пайдаланып, алып-сатарлықпен айналыса бастаған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бішкек орталығындағы осы ауданда көптеген валюта алмастыру орындары шоғырланған. Бірақ соңғы бірнеше айда мұнда доллар сатып алу мүмкін емес. Дегенмен Ұлттық банк белгіленген бағамнан жоғары бағамен алып-сатарлардан сатып алуға болады. Әлеуметтік желілерде де осындай сауда қызып тұр.

Нұрбек Жениш, Қырғызстан ұлттық банкі төрағасының орынбасары:

– Қазір лицензияланбаған валюта алмастыру нарығының кейбір белгілері байқалып жүр. Телеграмм-каналдар арқылы да сатылады. Біз құқық қорғау органдарымен бірлесіп, осындай әрекетті доғарту бойынша жұмыс істеп келеміз.  

Қаржы нарығын қорғау үшін, Ұлттық банк жаңа ереже енгізді. Оған сәйкес ақшалай аударымдар жіберілген елдің валютасымен немесе соммен беріледі. Оған қоса банктер мен қаржылық ұйымдарға қолма-қол долларды елден шығаруға тыйым салынды. Дегенмен есеп-шоттарда доллар жетіп жатыр. Алайда табысын жасыру үшін көлеңкелі экономикада қолма-қол ақшамен есептесуді жөн көреді. Доллар тапшылығына, сонымен қатар шетел компаниялары әсер етіп отыр.

Сейтек Чалбаев, Қырғызстан ұлттық банкі бақылау басқармасының жетекшісі:

– Көптеген ресейлік компаниялар осында долларларын аударып, оны қолма-қол ақша түрінде алуға тырысады. Ал жергілікті банктер бұл қызметі үшін тиісті комиссиясын алады. 

Санкциялар енгізілгенге дейін Қырғызстанға қолма-қол долларлар мен еуро негізінен Ресейден әкелініп жүрді. Комиссия да аз болатын. Ал енді жергілікті банктер өзге елдерде валюта іздеуге мәжбүр. Ал сұраныс артқандықтан қызметтің бұл түрі де қымбаттап кетті. Сондықтан Қырғызстан банкілері де шоттан қолма-қол валюта алу үшін комиссия енгізді.

Авторлары: Бақыт Чермашев