БҰҰ: Ядролық қару қолдану қаупі артты

БҰҰ: Ядролық қару қолдану қаупі артты

  Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік кеңесінің бұл жолғы отырысы тартысты болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өйткені тараптар адамзатты жаппай қырып-жоятын қаруды қолдану қаупін талқылады. Жер - ортақ, заман - бір болғанымен, ұстанымдар әртүрлі әрі бір-біріне қарама-қайшы. Десе де жалпыға бірдей қауіпсіздік кепілдігі ауадай қажет. Бас хатшы Антониу Гутерриш мұны айтудай-ақ айтты.

Антониу Гутерриш, БҰҰ Бас хатшысы

- Бүгінде ұжымдық қауіпсіздік жүйесіне бұрын-соңды болмаған қатер төніп түр. Біздің әлем геосаяси жағынан жікке бөлініп, жаһанды қақтығыстар мен тұрақсыздық құрсаулап алған. Әскери төңкерістерден бастап мемлекетаралық жанжал, басқыншылық, соғыс жылдан жылға созылып барады. Сұрапыл дүниежүзілік соғыстан сақтайтын құралдар бізге дәл қазір өте қажет. Ядролық қаруға ие елдер оны "бірінші болып қолданбау" туралы міндеттемені саналы түрде өз мойнына алуға тиіс.

АЭС ТӨҢІРЕГІНДЕГІ АХУАЛ 

Запорожье атом электр станциясы үздіксіз атқыланып жатыр. Жақында ғана зауыттың жанына бірнеше снаряд түсті. Украина  билігі төтенше жағдайға арнайы жоспар әзірлеп қойған. Киев те, Кремль де "зымыран шабуылын жасады" деп, бірін-бірі айыптап әлек. Ал сарапшылар реактор жарылса, ғаламдық деңгейде апат болады деп қауіптенеді. Владимир Зеленский станциядағы қауіпсіздікті МАГАТЭ миссиясы қадағалағаны дұрыс дейді.

Владимир Зеленский, Украина Президенті:

- Украина дипломаттары, біздің серіктестер, Біріккен Ұлттар Ұйымы мен МАГАТЭ өкілдері жоспарды жан-жақты талқылап жатыр. Бұл миссия арқылы Запорожье атом электр станциясы мен Энергодардың қауіпсіздігі қамтамасыз етілуі мүмкін. Осы іс-шараларға атсалысып жатқан барша адамға алғыс білдіремін.

Кремль де қарап отырған жоқ. Ресей Запорожье атом электр станциясындағы жағдайға байланысты тез арада Біріккен Ұлттар Ұйымының отырысын өткізуді талап етті. Мәскеу ядролық шу шығаруды Украинаға Батыс көмектесіп отыр деп есептейді.

Василий Небензя, Ресейдің БҰҰ-дағы тұрақты өкілі:

- Соңғы апталарда Украинадағы Батыстағы қолдаушылары Киевке ядролық шу шығаруға қатысты көмектесіп жатыр. Олар Украина әскерінің Запорожье атом электр станциясын атқылағанын елең қылар емес.