БҰҰ Украинадағы АЭС қауіпсіздігін тексермек

БҰҰ Украинадағы АЭС қауіпсіздігін тексермек

БҰҰ-ның Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттігі жуық арада Украинадағы Ресей күштері бақылауындағы Запорожье атом электр станциясын барып көруі мүмкін. Қазір мәселеге қатысты келіссөз жүріп жатыр. Бұл туралы ұйым өкілдері мәлімдеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Нысанды Ресей әскері ақпан айында басып алған. Бірақ тамыздың бас кезінде оның аумағы бірнеше рет атқыланып, жағдай шиеленіскен. Украина мен халықаралық қауымдастық Ресейден ол жерден әскерін алып кетуді сұрап отыр. Алайда Мәскеу арандатушылық әрекеттердің алдын аламыз деп одан бас тартып келеді. Осыған байланысты халықарлық агенттік жағдайды өз көзімен көріп, бағалауға рұқсат беруін сұрап отыр. 

Розмари Дикарло, БҰҰ бас хатшысының саяси мәселелер жөніндегі орынбасары:

– Біз тараптарды Атом электр энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік өкілдерінің нысанды еш кедергісіз көруіне дереу арада рұқсат беруге шақырамыз. Сондай-ақ нысанды азаматтық инфрақұрылым ретінде қарастыратын келісімге қол қойылып, қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажет. Біз Украинадағы және басқа да атом электр станцияларына нұқсан келтірудің салдары ауыр болатынын түсінуіміз керек.