Қырым Ресейдің уысынан шығып бара ма?

Ресей мен Украина арасындағы қақтығыстың басталғанына 6 айдан асып барады. Жарты жылда осы 2 ел орналасқан аймақ ғана емес, тұтас әлем өзгерді. Әсіресе жаһан экономикасына оңай соқпады. 

Қарулы қақтығыс бірінші кезекте босқындар қатарын еселеп арттырды. Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметіне сүйенсек, 6 айда Украинадан үдере көшкендер саны 11 миллионнан асқан. Сарапшылар "бұл Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі ең үлкен көші-қон дағдарысы" деп бағалады. Шетел асқан украиналықтардың 70 процентке жуығы Польшаны паналаған. 1 жарым миллиондайы Ресейге кеткен, қалғаны Венгрия, Румыния, Словакия, Молдова, Беларусь пен Германияға жеткен. 

Украинадағы қақтығыс ғаламдық азық-түлік экспортын тығырыққа тіреді. Өйткені осы елде әлемдегі сұйық майдың жартысы, жүгерінің 15, астықтың 10 пайызы өндірілетін еді. Қара теңіздегі айлақтар қоршауда қалып, экспорт тоқтаған соң азық-түлік бағасы 44 пайызға көтерілді. Бұдан бірінші кезекте Африка мен Таяу Шығыс зардап шекті. Дағдарысты шешу үшін Біріккен Ұлттар Ұйымы мен Түркияның араағайындығымен Украина мен Ресей астық пен тыңайтқыш тиеген кемелерді жіберуге уағдаласты. Қазіргі сәтке дейін 600 мыңнан астам тонна тағам тасымалданды. 

Ресейге салынған санкциялар энергетика дағдарысын тудырды. ЕуроОдақта жанармай 7 пайызға қымбаттап, газдың бағасы 2 мың доллардан асты. Ресей әлемде табиғи газды экспорттайтын ең ірі ел еді. Шикі мұнай шығарудан екінші, көмір тасудан үшінші орында болды. Қақтығысқа дейін Еуропа Ресей газының 75 пайызын және шикі мұнайының жартысын сатып алатын. Енді 2030 жылға қарай "кәрі құрлық" Ресейдің энергия өнімдерінен біржола бас тартпақ. 

Қарулы қақтығыс геосаяси жағдайды ушықтырды. Ресей ықпалын кеміткісі келген НАТО керісінше күшейе бастады. Бейтарап болып келген Швеция мен Финляндия әскери одаққа қосылуға өтініш берді. Енді НАТО-ның Ресеймен шекаралас аумағы 2 есе көбейді. 200 жыл қалыс қалып келген Швейцария да Кремльге қарсы санкцияларға қосылды.

Қырым да Ресейдің уысынан шығып барады. Владимир Зеленский "Қырымнан басталған соғыс Қырымда аяқталады" деп мәлімдеді. Ол осылайша халықаралық құқық нормасын қалпына келтіреміз дейді.  

Владимир Зеленский, Украина президенті: 

- Қырымды қайтарамыз. Ол біздің жеріміз. Қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Тек Украиана шетелдегі немесе басып алынған аумақтағы бейбіт тұрғындарға шабуыл жасамайды. Біз не істеу керектігін, әскери нысандар меен қоймалардың қайда орналасқанын жақсы білеміз. Украин сарбаздары нақты жоспар бойынша жұмыс істеп жатыр. 

Ресей әскері қарқынын азайтты. Мұны осы елдің Қорғаныс министрі Сергей Шойгу былай деп түсіндірді. 

Сергей Шойгу, РФ Қорғаныс министрі:

- Арнайы операция кезінде біз гуманитарлық құқық нормаларын қатаң сақтаймыз. Украинаның әскери нысандарына дәлдігі жоғары қарумен соққы жасалып жатыр. Сонымен қатар, бейбіт тұрғындардың арасында құрбандардың болмауына қатты мән беріп отырмыз. Әрине бұл қарқынды бәсеңдетеді. 

Сарапшылар бейбіт бітімнің ауылы алыс дейді. Соңғы кездері Украина әскері партизандық тәсілге көшкені айтыла бастады. Бұған Қырымда жасалған жарылыстар дәлел. Кремль мұны қауіпсіздік ережесі сақталмағандықтан деп ақталды. Ал Украина зымыранмен атқылаған жоқпыз деп отыр.