Францияда пойыздар саны қысқаруы мүмкін

Францияда пойыздар саны қысқаруы мүмкін

Үнемдеу шараларын енгізіп жатқан елдің бірі – Франция. Әр министрлік осы айдың соңына дейін электр энергиясын тұтыну мөлшерін азайту жоспарын әзірлеу керек, деп хабарлайды «Хабар 24».

Кейбір компаниялар биліктің ұсынысын күтпей-ақ өз бетінше үнемдеуге кіріскен. Мәселен, Страсбургте мұражайлар аптасына екі күн жабық болады. Ла-Гранд-Мотт қаласының басшылығы мұз айдыны мен қоғамдық бассейндердің жұмыс уақытын қысқартуға ниетті. Лионда түнде қоғамдық ғимараттар мен дүкендерді жарықтандыру жүйесі сөндіріледі. Енді қыста пойыздар санын қықарту мәселесі көтеріліп жатыр. Осындай шаралардың арқасында билік екі жыл ішінде электр энергиясын тұтыну мөлшерін 10 пайызға, ал 2030 жылға таман 30 пайызға азайтуды жоспарлап отыр.

Эммануэль Макрон, Франция президенті:

Үкімет үнемдеу шараларының алғашқы пакетін әзірледі. Министрліктер алдағы уақытта электр энергиясын тұтыну мөлшерін 10 пайызға азайту жоспарын ұсынады. Ол қолымыздан келеді. Бұл тек министрлік деңгейінде ғана жасалмау керек. Әрбір тұрғын үнемдеуге жауапкершілікпен қарауға тиіс. Сонда электр энергиясын ажырату секілді қатаң шара қолданбаймыз.

Электр энергиясының тапшылығын болдырмас үшін мемлекет бұған дейін тоқтатылған ядролық рекаторларды қайта қосуға ниетті. Мұнда 51 атом электр станциясы бар. Қоршаған ортаға зиянын азайту үшін солардың 32-ісінің жұмысы тоқтаған. Алайда биыл күзде олар қайта іске қосылуы мүмкін. Өйткені энергияның 70 проценті осы атом электр станциялары арқылы өндіріледі.