Запорожьедегі АЭС-те қауіпсіз аймақ құру мәселесі талқыланып жатыр

БҰҰ-ның Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттігі Ресей және Украинамен Запорожье атом электр станциясында қауіпсіз аймақ құру мәселесін талқылай бастады.

Бұл туралы осы ұйымның басшысы Рафаэль Гросси мәлімдеді. Қос тарап мәселені қарастыруға келіскен. Соңғы айларда  атом электр станциядағы жағдай шиеленісіп кетті. Оған нысан жанына бекінген екі ел әскерінің бір-бірін атқылауы себеп болды. Жағдайды тексеру үшін жақында Гросси бастаған бір топ сарапшы нысанды барып көріп қайтты. Сапардан кейін ол станцияда қауіпсіз аймақ құру туралы ұсыныс жасады.

Рафаэль Гросси, БҰҰ Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің басшысы:

- Жағдай өте қиын. Біз отпен ойнап отырмыз. Кез келген шалыс қадам ядролық апатқа әкелуі мүмкін. Біз Ресей мен Украина станцияны атқылап, шабуылдамау туралы келісімге келгенін қалаймыз. Оны жеңіл жүзеге асыруға болады. Бізге бұл істе станциядағы бақылаушыларымыз көмектесуге дайын.