Украинада зымырандық соққылар жалғасып жатыр

Украинаның барлық аумағына зымырандық соққылар жалғасуда. Киевте қауіп әлі сейілген жоқ, тәулік бойы бірнеше рет дабыл соғылады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әсіресе балалар ауруханасындағы жағдай қиын. Сырқаттанған бүлдіршіндер жертөледе тығылып отырып ем алуға мәжбүр. Украина аумағындағы ең үлкен балалар ауруханасындағы жағдай бүгінде осылай. Зымыранмен атқылау мен әуе соққылардың астында қалған астанадағы аурухананың кішкентай науқастары қажетті емін жертөледе алуға мәжбүр. Украина Қарулы күштерінің бас қолбасшысы Валерий Залужныйдың мәліметі бойынша небәрі бір-екі сағаттың көлемінде Ресей Украина аумағына сексеннен астам ракета жіберген, оның тең жартысы әуе қорғанысы арқылы залалсыздандырылған. Қауіп пен қатерге қарамастан Киевтегі жағдай қалыпты, үйінде жертөлесі жоқ тұрғындар дабыл кезінде метроға тығылуға мәжбүр.

София, студент:

24 ақпанда болған жойқын жарылыс Киевте тағы қайталанды, бірақ бұл жолы зымыран жанымыздан небәрі 3-4 шақырым жерде жарылды, ракеталық атқылаудың арасы бірнеше секунд қана. Біз бірден терең қазылған метроға қарай жүгірдік, сол жерде бес сағат бойы тығылып отыруға тура келді, осы жолы бомба тура үйіміздің жанына кеп жарылды.

Жойқын жарылыстан кейін Киевтегі бірқатар жанармай бекеттерінде ұзын-сонар кезек байқалды, алайда бір тәуліктен кейін жағдай тұрақталды. Дүкен сөрелерінен қажетті заттарыңды оңай сатып алуға болады.

Анна Панащук, журналист:

Әрине бала-шағамыз үшін қауіптенеміз. Бірақ Киевте шынын айтқанда жоқ, дүкендегі заттар түгел, суымыз бар, жанармай бар. Ешкім жанталасып Киевтен кетіп жатқан жоқ, біз жақын уақытта жағдай оңалады деп сенеміз.

Зымырандық атқылау ел аумағындағы энергетикалық инфрақұрылымдарды да қатты зақымдауда. Бірқатар облыста электр қуаты мен кернеулер үзілді, салдарынан қуатты өшіріп-қосу жұмысы жалғасуда. Киевтің өзінде қуатты сағаттап беру кезеңіне көшуі мүмкін. Қаладағы бес жүзге жуық мектеп оқушылары онлайн режимге көшті. Қазақстанның Украинадағы елшілігі жұмысын жалғастырып жатыр. Егер жағдай ушығатын болса, Украинадағы Қазақстан азаматтарын эвакуациялау жұмысы жандануы мүмкін. Елшіліктің мәліметі бойынша Украина аумағы бойынша алты жүзге жуық ел азаматы бар, бірақ диаспора өкілдері тыныштық сақтаймыз, мүмкіндігінше ерікті қызметін атқарамыз деп отыр.

Алмагүл Кенжебаева, Қазақстан азаматы:

Соғыс басталғаннан бері біз осындамыз. Ешқайда қайтқан жоқпыз, осында біраз қазақ жолдастарымыз бар, бір топ болып біз осында қаламыз деп шештік. «Біз Украинаданбыз» деген фонд ашылды, жергілікті. Солармен бірге қосылып, бір кішігірім қалаларға барып, қайырымдылық жасап жүрміз, соның арасында ұлттық тағамымызды жасап, бауырсағымызды пісіріп, палауымызды жасап, азық-түлік жағынан көмектесіп, кешеден бері Ресей жақтан шабуыл күшейіп кетті, Киевке біраз ракета ұшып келді. Украинаның үлкен қалалары бомбаланып жатыр, елшіліктен хабар келді, мүмкіндігінше Қазақстанға қайтыңдар деп.

Осылайша, елшілік Қазақстан азаматтарын мүмкіндігінше Украина аумағынан кетуге шақырып отыр. Алайда елшілік Киевтегі қызметін әрі қарай жалғастыратын болады, консулдық бөлім Қазақстан азаматтарына мемлекеттік қызметтің барлық түрі бойынша қабылдауын тоқтатқан жоқ.

Авторы:  Аида Қыдырбай