Сеулде Орталық Азия елдерінің мәдениет фестивалі өтті

Шара Корея мен аймақ мемлекеттері арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың 30 жылдығына арналды.

Фестивальге Оңтүстік Кореядағы меншікті тілшіміз Владислав Цой барып қайтты.

Фестивальге келушілер қазақ тағамдарынан дәм татып, ұлттық киімдерді киіп көруге асықты. Оларға Қазақстан туралы бейнероликтер, Астана мен Сеул арасындағы қарым-қатынастың 30 жылдық тарихындағы маңызды сәттер көрсетілді. 

Джи Чан Сон, "Корея-Орталық Азия" ынтымақтастық форумы хатшылық басшысының орынбасары:

- Хатшылығымыз Қазақстан мен Корея арасындағы қарым-қатынасты дамытуға аз да болса үлесін қосты. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетімен осыдан бірнеше жыл бұрын реабилитациялық медицина кафедрасын ашу туралы келісімге қол қойдық. Қазақстан мен Корея реабилитологтарының қауымдастығы құрылды. Бұл Қазақстанда заманауи оңалту орталығын құру жолындағы қадам. 

Владислав Цой, тілші:

- Фестивальға келген кішкентайлар арасында да байқау ұйымдастырылды.  Суреттердің бірін бояу керек еді. Ол үшін балаларға Орталық Азияның ертегілері жазылған кітаптар таратылды.  Сыйлықтардың қатарында Кеңес Оразбекұлы Дүйсеннің «Жыл басы қалай анықталады» туындысы да болды. 

22 жастағы Айғаным Жалинова корей тілінде акцентсіз сөйлейді және K-pop жұлдыздары сияқты билей алады. 2 жыл бұрын Айғаным корей тобына тағылымдамадан өтуге қабылданған тұңғыш қазақ қызы болды. Өкінішке қарай ол жарақат алып, емделіп жатқан кезде оның орнын алмастыратын адам табылды. Алайда Айғаным кәсіби әнші және биші болу арманынан бас тартпайды. 

Айғаным Жалинова, әнші, биші:

- Менде қазір университеттің визасы оқушы ретінде жүріп. Ал университеттің визасы болмаса Кореяда тұруға басқа виза жоқ менің жасымдағы адамдарға. Және де университетте оқып жүргендіктен университеттің ақысы бар, тұратын жерімнің ақысы бар дегендей. Сондай экономикалық жағынан енді өзім жасап өзім оқуымды төлеп және де ортасында уақытым болған кезде өзім қалаған жанағы би мен ән мен айналысып жүремін.  

Сеул сахнасына  Ербол Салықбаев та  шықты. Алау тобының бұрынғы солисі отбасымен бұл жаққа пандемия кезінде келген. Мұнда ол музыкалық продюсер мамандығын игеріп жүр. Ал оқудан бос уақытында ән жазады. Фестивальде Ербол   Қазақстан туралы Кореяда туған мотивациялық әнін орындады. 

Ербол Салықбаев, әнші, композитор:

- Ұсыныстар келіп жатыр. Өзіміздің осы Қазақстан Республикасының бір қазақтың өнерін осы жерде шамалы бір бағытта көрсету Оңтүстік Кореяда. Сондай істер талқыланып жатыр қазір. Бұйырса сол істерді атқарамыз деген ойдамын. 

Фестивальде қазақ мәдениеті кеңінен таныстырылды. 2 күн ішінде Сеул алаңына жиырма мыңнан астам адам келді. 

Владислав Цой, Ольга Лян