Оңтүстік Кореяда қаза тапқандар арасында қазақстандықтар жоқ

Кореяда аза тұту күні жарияланды. Қаза тапқандар саны 151-ге жетті, оның 19-ы шетелдіктер. Арасында Ресей, Иран, Өзбекстан, Қытай және Норвегиядан келгендер болған.

Соңғы мәлімет бойынша 82 адам жараланған, 350 адам із-түссіз жоғалып кеткені туралы арыз түскен.  Кеше түнде Корея астанасында Хэллоуин мерекесін тойлау кезінде 100 мыңнан астам адам жиналған. Жалпы шара ұйымдастырылған Итэвон ауданында шетелдіктер көп болады. Көшедегі клубтар болса тар жолақтарда орналасқан. Көңіл көтеру мекемелерінің қожайындары зардап шеккендерге алғашқы көмек көрсетуге талпынғанымен, нөпір халықтың арасынан құлаған адамдарды құтқара алмаған. 

Қайғылы жағдайға байланысты Сеулдегі Қазақстан елшілігінде жедел штаб құрылып, кезекшілік ұйымдастырылды. Оқиға орнында қазақстандық дипломаттар жұмыс істеуде. Олар зардап шеккендер мен қаза болғандардың арасында қазақстандықтардың бар-жоғын анықтап жатыр дейді,- Оңтүстік Кореядағы меншікті тілшіміз Владислав Цой. Сол жерде болған Қазақстанның бірнеше студенті, тұрғылықты жерлеріне қайтарылды. Ақпарат алу үшін экранда көрсетілген шұғыл желіге хабарласуларыңызға болады.