Ұлыбританияда пайыздық мөлшерлеме рекордтық деңгейге өсті

Англия банкі базалық проценттік мөлшерлемені рекордтық деңгейге дейін көтерді. Ұлыбританияның бас қаржы институты инфляцияға төтеп беру үшін осындай қадамға барып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жағдай бұдан да күрделене түсуі мүмкін дейді сарапшылар.

Ғалымжан Қараманұлы:

– Отыз жылдан бері болмаған жағдай. Англия банкінің ақша-несие саясаты жөніндегі комитеті көпшілік дауыспен базалық проценттік мөлшерлемені өсіруді ұйғарды. Енді ол 2,25-тен 3 процентке дейін ұлғайып отыр. Мұндай шешімді нарық қатысушылары күткен еді. Өйткені елде инфляция деңгейі шарықтап, 10,1 процентке жетті. Азық-түлік, жарық пен газ бағасы қымбаттап, халық кедейшілік қамытын кие бастады. Инфляция деңгейі төртінші тоқсанда 40 жылдан бері болмаған рекордтық көрсеткішке, яғни 11 процентке жетуі мүмкін.

Эндрю Бэйли, Англия банкінің басшысы:

– Өткен жылдың желтоқсан айынан бері проценттік мөлшерлеме сегізінші рет көтеріліп отыр. Егер біз қазір батыл әрекет етпесек, кейін жағдай күрделенеді. Бүгін жарияланған болжамдарға сәйкес бізді алда қиын кезеңдер күтіп тұр. Ресей мен Украина арасындағы қақтығыс кесірінен туындаған энергия бағасының күрт өсуі бізді ұлт ретінде кедейлендірді.

Мөлшерлеменің өсуі салымшылар үшін тиімді. Депозитте сақтаулы ақшаларының үстіндегі проценттік үлесі көбейеді. Бірақ банктен несие алғандар қиналады. Өйткені проценттің үстіне процент қосылады. Сарапшылардың пікірінше, энергетикалық дағдарысқа ұшыраған Ұлыбритания экономикасы рецессияға кірді және ол екі жылға созылуы ықтимал. Бұл уақыт ішінде экономика шамамен 3 процентке қысқарып, жұмыссыздық деңгейі 2 есеге дейін өседі. Осылайша қаржы дағдарысы 2008-2009 жылдарға қарағанда ұзағырақ болғалы тұр. Биліктегілер болса, бұл бүкіл әлемге тән жағдай деп жұбатып отыр.

Джереми Хант, Ұлыбритания қаржы министрі:

– Бұл жаңалық ипотекалық несиелері бар отбасылар және бизнес үшін жағымсыз болғалы тұр. Бұл жаһандық экономикалық дағдарыс. Халықаралық валюта қоры мәлімдегендей, әлемдік экономиканың үштен бірі қазір құлдырау үстінде.

Ұлыбританияның жаңа премьер-министрі елдің қаржылық жағдайын жақсарту туралы жоспарын осы айдың соңында жариялайды. Риши Сунак шығындарды азайтып, салық көлемін арттыру арқылы бюджет дефицитін толтыру туралы айтпақ. Бірақ жағдай түзеледі деп үкімет басшысы уәде беріп отырған жоқ.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы