Ресей нарығынан кетіп жатқан шетелдік компаниялар Қазақстанда жұмыс істеуге ниетті

Лондонда Инвестициялық форум өтіп, британиялық бизнестің елімізге релокациясы тақырыбы ерекше талқыланды. 

Форум әлемге әйгілі Лондон қор биржасында биыл бесінші рет ұйымдастырылды. Мақсаты – инвесторларды толық және кешенді ақпаратпен қамтамасыз ету. Қазақстанның Ұлыбританиядағы Елшісі Мағжан Ілиясов жиналғандарға ел экономикасына қаражат құюдың артықшылықтары туралы айтып берді. Сондай-ақ ықтималды сын-қатерлерді бірге талқылауға шақырды. Көпшілікті әсіресе өкілдіктерін Ресейден Қазақстанға көшіру мәселесі қызықтырды. Релокация бойынша шешім қабылдап үлгергендер тәжірибелерімен бөлісті.

Дэвид Кэшман, United Concrete Canvas Ltd компаниясының бизнесті дамыту жөніндегі директоры:

- Біз өнімдерімізді Қазақстанға экспорттаумен бірнеше жылдан бері айналысып келеміз. Географиялық тұрғыда мекенжайымызды өзгертетін кезеңге жеттік деп ойлаймыз. Қазақстанды Орталық Азиядағы хаб ретінде қарастыра отырып, көшуге өте тамаша орын деп шештік. Бизнес ашу және жүргізу үшін сіздерде өте қолайлы жағдайлар жасалған. 

Екі ел арасындағы әріптестіктің 30 жылы ішінде Ұлыбритания Қазақстан экономикасына 20 млрд доллардан астам қаражат құйған. Соңғы екі жылда пандемия салдарына қарамастан инвестиция Тұманды Албионнан тұрақты түрде тартылып тұрды. Ал 2020 жылы 36%, 2021-де 20% өсті. Екіжақты саудада да оң динамика байқалады, биыл жылдың 9 айының қорытындысы бойынша Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы сауда көлемі 61%-ке ұлғайған.

Ардақ Зебешев, ҚР СІМ Инвестициялар комитетінің төрағасы:

- Инвестиция ағынын әрі қарай ынталандыру үшін бізде Қазақстанда жасалып жатқан барлық іс-шараларды түсіндіріп, жаңа инструменттер пайда болып жатыр. Ол тек қана баяғы барлық елдерде бар баж, кедендік жеңілдету мәселелері ғана емес, бізде стратегиялық-инвестициялық келісімшарт пайда болды былтырдан бері. Сондай түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, кездесулер өткізіп жатырмыз.

Елімізде бүгінде 575 британиялық коммерциялық компания белсенді түрде жұмыс істейді. Олар мұнай-газ, тау-кен және өнеркәсіп, сондай-ақ қаржылық қызметтерді, жоғары технологиялар мен ауыл шаруашылығы салаларында қызмет етеді. Ұлыбритания үкіметі де бизнес байланыстарды кеңейту мен тереңдетуге ықыласты.

Вомик Нур Шах, Ұлыбритания Cауда және өнеркәсіп министрлігінің департамент басшысы:

- Біз Қазақстанмен әріптестік орнатқысы келетін осындағы экспорттаушыларға да, қазақстандық мүдделі тараптарға да қолдау білдіруге дайынбыз. Ұлыбританиядан тауарлар мен қызметтер сатып алуға ниетті компанияларға, денсаулық сақтау, білім, инфрақұрылым, энергетика сияқты ірі жобаларға қатысқысы келетін мекемелерге қол ұшын соза аламыз. 

Форум барысында инвестиция, телекоммуникация және жасыл энергетика саласында жұмыс істейтін компаниялармен екі жақты кездесулер өткізіліп, ынтамақтастық мүмкіндіктері талқыланды. Бұдан бөлек британиялық бизнес цифрландыру, денсаулық сақтау, өңдеу өнеркәсібі сияқты салаларда бірлескен жобаларды белсенді түрде жүзеге асыруға шақырылды.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы