Америкалықтар АҚШ Конгресі жұмысына қанағаттанбайды

Америкалықтардың 70%-тен астамы Конгресс жұмысына қанағаттанбайды. Бұл – Gallup қоғамдық пікірді зерттейтін институттың мәліметі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Халықтың тек 22%-ті Конгресс жұмысын мақұлдаса, 73%-ті құптамайды. Содан болар, таяуда ғана Аризонадан сайланған Сенатор Кристен Синема демократиялық партиядан шығып, өзін тәуелсіз бейтарап саясаткер ретінде жариялады. Бұл АҚШ-тың негізгі заң қабылдайтын органының жұмысын жаңа жылдан бастап қиындатуы мүмкін?

АҚШ Конгресіне аралық сайлау қараша айында ғана өтті. Алдағы екі жылда демократтар Сенатты ал республикалық партия Өкілдер палатасын бақылайды. Сондықтан сарапшылдар Байден әкімшілігіне өздері бастамашыл болған заң жобаларын қабылдау қиынға түсетінін айтады. Палатадағы дауысы басым республикашылар президент партиясының пәрменін тежеп отырмақ. Жығылған үстіне жұдырық. Джорджия штатында шешуші 51-дауысты демократтар иеленген соң Аризондан сайланған Сенатор Кристен Синема демократиялық партиядан шығып, өзін бейтарап саясаткер ретінде жариялады. 

Кристен Синема, сенатор:

- Мен басқа да аризоналықтар сияқты ешқандай ұлттық партияға беріліп кеткен жоқпын.

Сенатордың мәлімдемесі алдағы екі жылда да ол соңғы екі жылдағыдай тәуелсіз, демократтармен де республикашылармен де әріптестік орнатып жұмысын жалғастыратынын байқатады. Ол өзін бұған дейін Ақ үйге кедергі келтіру үшін тосқауыл қоюдан да қорықпайын тәуелсіз саясаткер ретінде көрсеткен.   

Самара Клар, Аризона университеті басқару және қоғамдық саясат мектебінің сарапшысы:

- Шын мәнінде Аризона штатының үштен бірі өзін тәуелсіз деп санайды. Менің ойымша, бұл жерде біз Кирстен Синеманы көріп отырмыз. Ол тәуелсіз демократтарға, тәуелсіз республикашыларға және мүмкіндігінше көптеген демократтарға әсер ету үшін батыл әрекет етуді таңдады.

Бірақ кейбір партияластары Кристенді партиялық мүшелігін өзгерткені үшін сынға алды. Аризона Демократиялық партиясының төрағасы Ракель Теран «Біз партия ретінде тәуелсіз сайлаушыларды және олардың көзқарастарын құптаймыз. Бірақ Сенатор Синема тәуелсіз ретінде тіркеліп, өз штаты Аризона емес, корпорациялар мен миллиардерлер алдында тәуелді екенін көрсетті деп мәлімдеді.

Гаррет Браун, Аризона тұрғыны:

- Мен оны кінәламаймын. Мен барған сайын Демократиялық партияның өзгерістер енгізуге және іс жүзінде қауқарсыз болғанына наразы болып бара жатырмын. Мен консервативті немесе республикашыл да емеспін. Сондықтан бұл қадам оған көбірек өзгерістер жасауға мүмкіндік береді деп үміттенемін.

Деннис, Аризона тұрғыны: 

- Менің ойымша, бұл өте батыл қадам және ол менен көбірек қолдау тапты. Аризона, тәуелсіз, республикалық және демократтардың өз ережелері бар, қиын штат. Сенатор күрделі шайқас алдында тұрғанын сеземін. Бірақ бұл барлығы үшін жақсы. Өйкені сенатор әр адамның мүддесін қадағалап отыр және сол пікірлермен санасуға мәжбүр етеді деп ойлаймын. 

Сенатордың көмекшісі алдағы уақытта Синеманың демократтармен партиялық кездесулерді жалғастыратынын айтпады. Ал консервативті көзқарастағы Өкілдер палатасы жаңа жылдан Байденге ішкі шығындарды азайтып, шекара қауіпсіздігін күшейтуге тырысатындарын ескертті. Ал оларға Сенаттағы демократтар тосқауыл қоюы бек мүмкін. Шешім, тек компромис. Өзара келісу. Міне, алдағы жылдары Конгресстегі күн тәртібі қызайын деп тұрғаны осыдан-ақ байқалады. 

Авторы: Нұрбек Бекен