Желтоқсан Ұлыбритания үшін ереуілдер айына айналды

Ұлыбританияда денсаулық сақтау, қоғамдық көлік, байланыс және өзге де саланың қызметкерлері көшеге шығып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олар жалақының өсуін және еңбек шарттарын қайта қарауды талап етуде.  Биліктегілер болса, наразы топтың талаптарын қанағаттандырғысы жоқ.

Желтоқсан Ұлыбритания үшін ереуілдер айына айналды. Жұмысшылар бірінен соң бірі инфляцияға сәйкес жалақы көлемін көтеруді талап етуде. Белсенділердің алдыңғы қатарында - байланыс қызметкерлері кәсіподағының мүшелері. Олар жеті айдан бері жұмыс берушімен бір мәмілеге келе алмай әлек. Сондықтан пошташылар желтоқсан айында 6 күн жұмысқа шықпауға уағдаласты. Хаттар мен онлайн тапсырыстар уақытында жеткізілмей компания шығынға батып жатыр. Қазан айында 200 миллион стерлинг фунтынан айырылған мекеме енді келер жылы 10 мың адамды қысқартамыз деп қатуланып отыр.

Дэйв Уорд, байланыс қызметкерлері кәсіподағының бас хатшысы:

- Ортақ ымыраға келудің орнына агрессияшыл саясат ұстанған компаниядан көңіліміз қалды. 115 мың пошташы пандемия кезінде ерлікпен пара-пар еңбек етіп, басшылар мен акционерлерге миллиондаған пайда әкелді. Біз еңбекақыны көтеріп, мәжбүрлі түрде жұмыстан шығармауды талап етеміз.

Өмір сүру деңгейінің төмендегеніне наразылардың қатарында ақ халаттылар да бар. Медицина қызметінің 106 жылдық тарихында медбикелер бірінші рет көшеге шықпақшы. Оларға шекара офицерлері, төлқұжат үстелінің және автомобиль жолдарымен айналысатын мемлекеттік мекеменің қызметкерлері де қосылуға уәде беріп отыр. Автобус және метро жүргізушілері, теміржолшылар да қалыс қалмақ емес. Салдарынан науқастарға ем-дом көрсетілмей, жолаушылар діттеген жеріне жете алмай қиналады. Биліктегілер жағдай ушыға беретін болса, көмекке әскерилерді шақырмақшы.

Надим Захави, Ұлыбритания консервативтік партиясының төрағасы:

- Біз бірнеше жыл бұрын құрылған мамандандырылған топты жұмылдырамыз. Ереуілдердің салдарын азайту үшін төтенше жағдайлар жоспарын әзірледік. Әскерилер шекара офицерлерінің және денсаулық сақтау қызметкерлерінің орнына жұмыс істейді.

Елдегі қымбатшылық деңгейі 41 жылдық рекордты жаңартып, 11,1 процентке жетті. Бірақ жұмыс берушілер жалақыны 3 процентке ғана көтеруге келісіп отыр. Үкімет бірнеше рет ереуілдерді тоқтатуға шақырды. Себебі оның соңы жақсылыққа әкелмейді. Наразы топтардың талаптары қанағаттандырылғанның өзінде инфляция одан әрі күшейе түседі,- дейді биліктегілер.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы