Украинада электр қуаты тапшы

Таңғы жетіден бастап ел аумағына 70-тен астам зымыран тасталып, қуат нысандарының тас талқан етті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Салдарынан Киев, Харьков, Днепропетровск және Запорожск өңірлеріндегі тұрғындар бір тәулік бойы жарық және байланыссыз қалды. Киевтегі жағдай да нашар. 20 қабатты тұрғын үйлер газ және ауыз сусыз қалды, өйткені қысым аз. Жарық пен жылудан тарыққан халық қауіпті болса да балконға генератор қоя бастаған. 

Екатерина, Киев тұрғыны:

- Біз төртқабатты үйде тұрамыз, тұрғындармен қосылып, сағатына 11 литр дизель тұтынатын қымбат қондырғыны сатып алдық. Жағдайлары жоқтар арзан генератор сатып алып, соны қолдануда. Қауіпті болса да, тұрмыста газ балондарын тұтынатындар көп.  Киев өңіріндегі жағдай  қиын, онда 6-8 сағат жарық жоқ, тұрғындар тоңазытқыштарын өшіріп жатыр.

Жарық, жылу, ауыз су мен байланыстың болмауынан бейбіт тұрғындармен қатар шағын бизнес те зиян шегіп отыр. Ал, ең сорақысы хабар-ошарсыз қалу дейді қарапайым халық. Зымыран атқыланып жатқан кезде туыстарың мен жақындарыңның амандығын біле алмау қасірет.

Анна, Киев тұрғыны:

- Электр қуаты өшсе, байланыс болмайды. Әсіресе атқылау кезінде жақындарыңмен байланыса алмай, мазаң қашады. Бұған шыдау өте қиын.

Ольга, Киев тұрғыны, кәсіпкер

- Барлық жұмыс көзі қуатпен тікелей байланысты екен. Біздің ауданда нақты кесте жоқ, сондықтан соқырдың күнін кешіп жатырмыз. Жолдасым екеуміз не жарытып үйдің не түздің жұмысын жасай алмай, дал болып жүрміз. 

Дабыл кезінде  Киевтегі метро сияқты қоғамдық көліктер мен жолаушылар тасымалдайтын пойыздар да жұмысын тоқтатады. Өйткені зымырандық атқылау кезінде бала-шағасын ерткен нөпір терең қазылған метроға тығылады. Пойыздар да дабыл кезінде 4-5 сағат бойы тоқтап қалуы мүмкін. Атап өту керек, Киевтің  мектеп оқушылары 24 желтоқсаннан бастап 15 інші қаңтарға дейін қысқы демалысқа шығатын болды. Кей облыста қауіпсіздікке байланысты қыстық каникул бір айға дейін созылмақ. 

Авторы: Аида Қыдырбай