Израильде макроэкономикалық көрсеткіштер нашарлады

Израиль экономикасы қиындыққа тап болды. Қаржы министрлігі осылай деп дабыл қақты.

Өйткені бүкіл елді инфляция жайлаған. Пәтер бағасынан бастап, азық-түлікке дейін бәрі қымбат. 

Израильде макроэкономикалық көрсеткіштер нашарлады. мұны, инфляция деңгейінен байқауға болады. Біраз жыл нөлдік көрсеткіште тұрған инфляция қазір өсе түскені анық байқалады.

Эмиль Шлеймович, экономикалық шолушы:

- Биыл инфляция 5,5% жетуі мүмкін. «Леуми» банкі жасаған соңғы болжам осындай. Оған әсер етіп жатқан фактор өте көп.

 Пәтерді жалға алу бағасы да қазір бұрынғыдай емес. Өте қымбат. Тек қарашаның өзінде 6 пайызға өсіп кеткен. Ал баспана сатып алу тіпті қиын. Себебі жылжымайтын мүлік құны қазір бұрынғыдан 20% жоғары. Тағы бір мәселе – азық-түлік бағасы. Тоқтаусыз өсіп жатыр.

Эмиль Шлеймович, экономикалық шолушы:

- Мәселе мынада, Израиль халықаралық нарықтан жергілікті тұтынушыларды емес, өндірушілерді қорғайтын протекционистік заңдар жүйесімен қорғалған. Сондықтан, көрші елдерден жұмыртқа немесе сүт секілді өнімдерді екі есе арзан бағамен сатып алудың орнына, оларды ел ішінде өндіру үшін екі есе артық ақы төлейміз.

Мемлекет салықты да көбейтті. Оны төмендету туралы уәде болғанмен, ақыры орындалған жоқ. Керісінше, келер жылдан бастап жаңа салық енгізіледі. Жалпы, қазір Израильде бәрі қымбат. Салығы артпаған сала жоқ. Сәйкесінше,  тауар мен қызмет түрінің құны да өсті деген сөз. Бір ғана жанармайды алып қарайтын болсақ, оған салынатын салық 70% жуықтайды. Эмиль Шлеймович, экономикалық шолушы:

- Бәрі әлемдік нарықтағы көмірдің қымбаттауымен байланысты дейді. Бірақ Израильде энергияның шамалысы ғана көмірден өндіріледі. Қымбатшылықтың тағы бір себебі – Израиль өзі өндірген газды сыртқы нарыққа қарағанда ішкі нарықтан қымбатырақ сатады. Мұндай шешім саяси себептерге байланысты.

Биыл Израиль банкі базалық мөлшерлемені бірнеше рет көтерді. Мұндай жағдай көп жылдар бойы болмаған еді. Жаңа жылдан кейін оны тағы көтергелі жатыр. Демек, несие де, баға да қайтадан өседі деген сөз.